18+

Қала әкімі Қонаев құтқарушыларын кәсіби мерекесімен құттықтады

Қонаев қаласында Құтқарушылар күніне орай салтанатты жиын өтіп, төтенше жағдайлар қызметінің үздік мамандары марапатталды.

Іс-шарада қала әкімі Асхат Бердіханов құтқарушыларды кәсіби мерекесімен құттықтап, олардың адам өмірі мен қауіпсіздігін қорғаудағы еңбегіне тоқталды.

"Құтқарушы болу – үлкен жауапкершілікті, батылдық пен табандылықты талап ететін абыройлы мамандық. Сіздер күн сайын адам өмірі мен қауіпсіздігін қорғап, қиын сәтте көмекке келіп, талай жанға үміт сыйлап жүрсіздер. Қауіп-қатерге қарамастан, азаматтардың өмірін сақтап қалу жолындағы қызметтеріңіз әрдайым құрметке лайық", – деді Асхат Бердіханов.

Қала әкімі құтқарушыларға адал қызметі үшін қала тұрғындары атынан алғыс айтып, отбасыларына амандық, бақ-береке және жұмыстарына табыс тіледі.

Салтанатты жиында Қонаев қаласының Төтенше жағдайлар басқармасы мен №1 өрт сөндіру бөлімінің 15 қызметкері марапатталды.

Сонымен қатар "Халық үшін" қоғамдық қорының директоры Сергей Горяной тағы бес құтқарушыға арнайы сертификат табыстады.

Мерекелік шара концерттік бағдарламамен аяқталды.