18+

Абай көшесі төрт жолақты болады: Қонаевта күрделі жөндеу басталды

Қонаев қаласында Республика күні қарсаңында Абай көшесін күрделі жөндеу жұмыстары басталды,деп хабарлайды Qonaev-gorod Қонаев қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жоба қаланың Кешенді даму жоспары аясында жүзеге асырылып жатыр. Жөндеу нәтижесінде жолдың өткізу мүмкіндігі артып, көше инфрақұрылымы жақсарады.

Бұған дейін Ұлттық жоба аясында Абай көшесінің Қойшыманов және Жамбыл көшелерімен қиылысына дейінгі бөлігінде жылу желілері жаңартылған болатын. Жолды күрделі жөндеу жұмыстары инженерлік желілерді жаңғырту кезеңі аяқталғаннан кейін қолға алынды.

Жоба бойынша жалпы ұзындығы 2,5 шақырым болатын жол жаңартылады. Республика күні қарсаңында оның алғашқы 600 метрінде құрылыс жұмыстары басталды. Қазіргі уақытта нысанда 8 техника мен 15 адам жұмыс істеп жатыр.

"Жаңғырту жобасы келесі жылға өтпелі. Құрылыс 2027 жылдың үшінші тоқсанында аяқталады деп күтілуде", - деді жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Бағдат Алиев.

Жоба аясында жолдың ені 14 метрге дейін кеңейтіліп, қозғалыс жолақтарының саны екіден төртке дейін ұлғайтылады. Сонымен қатар жаяу жүргіншілерге арналған тротуарлар кеңейтіліп, арық жүйесі мен велосипед жолы салынады. Көше бойындағы аумақ абаттандырылады.

Айта кетейік, биыл Қонаев қаласындағы Әуезов көшесін күрделі жөндеу жұмыстары да басталды. Қазіргі уақытта ондағы құрылыс жұмыстарының шамамен 40 пайызы орындалған.