18+

Республика күні: Қонаевта бірқатар азамат мемлекеттік марапатқа ие болды

Қонаев қаласында Республика күніне орай салтанатты жиын өтті.

Мерекелік шарада қала әкімі Асхат Бердіханов шаһардың әлеуметтік-экономикалық дамуына, қоғамдық өміріне және ел игілігі жолындағы еңбекке үлес қосып жүрген бірқатар азаматты марапаттады.

Құттықтау сөзінде қала әкімі Республика күнінің ел егемендігі мен мемлекеттілігін айқындайтын маңызды мереке екенін атап өтті.

"Ел бірлігі мен қоғамдық келісім – тәуелсіздіктің берік тірегі, еліміздің тұрақты дамуының негізі. Бүгінде Қонаев қаласы да жаңарып, өркендеп келеді. Қаламыздың дамуы мен көркеюі – ортақ еңбегіміздің нәтижесі. Біздің басты байлығымыз – Тәуелсіздігіміз бен береке-бірлігіміз. Оны сақтау, нығайту және келер ұрпаққа аманат ету – бәріміздің ортақ міндетіміз. Осы жолда еліміздің бірлігі бекем, тәуелсіздігі тұғырлы болсын!", – деді Асхат Бердіханов.

Салтанатты жиында Қонаев қаласы әкімінің "Құрмет" төсбелгісімен "АМФ 1 Имсталькон" ЖШС директорының орынбасары Сергей Горяной мен "Әділет" партиясы Алматы облыстық филиалының атқарушы хатшысы Серік Нұрқадыров марапатталды.

Ал "Ел мерейі" төсбелгісі "Память" жерлеу қызметтерін көрсететін компанияның басшысы Роман Кимге және жобалау мен құрылыс жөніндегі техникалық директор Тимур Кодировке табысталды.

Зейнеткерлікке шығуына байланысты Қонаев қаласы әкімі аппаратының өтініштер, азаматтарды қабылдау және құжаттамамен қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Роза Үсембаева "Адал қызмет" төсбелгісімен марапатталды.

Бұдан бөлек, бірқатар азаматқа Алматы облысының әкімі Шыңғыс Әріновтің Құрмет грамотасы, Қонаев қаласы әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттары табысталды.

Мерекелік жиынның құрметті қонағы, кино және театр актері, Қазақстанның халық әртісі, "Құрмет" орденінің иегері әрі Қонаев қаласының Құрметті азаматы Болат Әбділманов та жиналған қауымды Республика күнімен құттықтады.

Мерекелік жиын концерттік бағдарламамен жалғасып, қатысушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Республика күні тағы да ел бірлігі мен тәуелсіздіктің қадірін айқындап, қала дамуына үлес қосып жүрген азаматтардың еңбегін ұлықтауға ұйытқы болды.