18+

Қонаевтағы экопарк жобасы өзгеруі мүмкін: қоғамдық тыңдау ұйымдастырылады

Қонаевтағы экопарктің жобасы бойынша қоғамдық тыңдау өтеді. Бұл туралы Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов тұрғындармен кездесуде айтты.

Жиында ол алдымен халыққа биыл әкімдіктің атқарған жұмыстары бойынша есеп берді. Кейіннен азаматтардың сұрақтарына жауап берді.

Гүлдер шағынауданының тұрғындары 8-10 шағынаудан жолының бойындағы экопарктегі аумақта тоғанды сақтап қалуды қалайтындарын айтты.

Әкім бұл қоғамдық орынның құрылысы биыл басталғанын, жобаға әлі де өзгерістер енгізуге болатынын атап өтіп, экопарк құрылысы бойынша қоғамдық тыңдау ұйымдастырылатынын жеткізді.

Сонымен қатар олар осы шағынауданда №4А кәріз-сорғы станциясынан шығатын жағымсыз иіске шағымданды.

"Қазіргі таңда жаңғырту жобасына сәйкес, №4А кәріз-сорғы станциясында жұмыстар жүргізілуде. Бір аптаның ішінде жабдықтардан иіс шығармайтындай етіп, қаптаймыз", − деді "Қонаев Су Арнасы" мекемесінің директоры Берік Жамбылов.

Мадибек Жұмабайұлы болса, қала аумағында қызмет ететін карьерлер туралы мәселе көтерді. Сондай-ақ ол қаланың дамуына, зауыттардың көбеюіне, халық санының артуына байланысты экопосттар қою қажеттілігін айтты.

Асхат Бердіхановтың сөзінше, Қонаевта 15 карьер жұмыс істейді, қазір оларды тиісті мемлекеттік органдар тексеріп жатыр. Нәтижесі туралы халыққа қосымша ақпарат беріледі. Ал экопост қою бойынша сұрақ Экология департаментіне жолданады.

"Біз 4-саяжайда тұрамыз, қыстай көмір жағамыз. Қоқыс шығарушы компания күлді алып кетпейді. Келесі сұрақ – жаздай суармалы су болмады. Бау-бақшамызды ауыз сумен суардық", − деді саяжай тұрғыны Нигара Джуманова.

Қоқыс шығару мәселесін шешу "Қонаев Көркейту" мекемесіне жүктелді.

"Маған былтырдан бері саяжай аумағында суармалы су болмауы туралы шағым түскен жоқ. 2 жыл бойы бұл жұмыспен «Қонаев Көркейту» мекемесі айналысып келеді. Құбырлардың жағдайын тексеріңіздер", − деді тұрғынға жауап берген шаһар басшысы.

Кездесуден кейін Асхат Бердіханов әкімдік ғимаратында азаматтарды жеке қабылдау өткізді.