• Главная
  • Қазақстанда донор табылмауы салдарынан жылына 300-ден астам адам көз жұмады
11:20, Сегодня
Надежный источник

Қазақстанда донор табылмауы салдарынан жылына 300-ден астам адам көз жұмады

Трансплантология белгілі бір ауруды медицинада қолда бар шаралармен емдеу мүмкін болмаған жағдайда қолданылатын соңғы әдіс.

Органдардың терминалды зақымдалуы, яғни адамның белгілі бір ағзасы өзінің жұмысын, қызметін тоқтатқанда немесе тоқтату алдына дейінгі деңгейге жеткен кезде органарды алмастыру қажет етіледі. Себебі ол кезде емдеудің басқа шаралары көмектеспейді. Бұл ретте траснплантология аса қажет.

Трансплантология әлемнің көптеген елінде қарқынды дамып келеді. Ал отандық мамандар елімізде мәйіттік донор жетіспеушілігінен бұл сала тиісті деңгейде дамымай отырғанын айтады. Жалпы донорлықтың екі түрібар. Оның бірі - тірі, екіншісі мәйіттік донор деп аталады.

Еліміздегі тірі және мәйіттік донорлыққа заң тұрғысында рұқсат берілген. Алайда оның өзіндік шарттары бар. Мәселен, кез келген адам реципиентке донор бола алмайды. Тірі донор науқастың генетикалық тұрғыда туысы болуы қажет. Ол үшін арнайы құжаттар толтырылады. Донор мен реципиенттің бір-біріне туыс екені дәлелденуі қажет.

Олардың генетикалық сәйкестігі әртүрлі лабораториялық тексерулер арқылыдәлелденгеннен кейін ғана трансплантологиялық операциялар жүзеге асырылады.

Сонымен қатар тірі донор мен науқастың туыстық қарым-қатынасы органдардың бір-біріне сәйкес келу мүмкіндігін жоғарылатады екен.

Ал бөтен адамның реципиентке тірі донор болуына заңмен тыйым салынған. Өкінішке қарай, бізде тірі донор болу үшін көп жағдайда олардың бірінің туыстары ағзасын беруге келісімін бермесе, енді бірінің қарсы көрсетілімдері бар. Ал ондай науқастардың соңғы үміті – мәйіттік донор ағзасын күту. Мамандар көп адам мәйіттік донор дегенді түсіне бермейтінін айтып отыр.

"Мәйіттік донорды көп адам жақсы түсіне бермейді. Сондықтан ел арасында алып-қашпа сөздер көп. Адам қандай жағдайда мәйіттік донор бола алады? Ауруханаларда жол апаты немесе өзге де себептермен қайтыс болып жатқан науқастар бар. Олардың алған ауыр жарақаты немесе өзгеде аурулары салдарынан ми қызметі мүлдем тоқтатылғанда оларға "ми өлімі" диагнозы қойылады. Тек осы жағдайда олар мәйіттік донор бола алады.

Ол кезде ми өлімі анықталған науқастардың сау ағзасы ағзасын алмастыру үшін күту парақшасында тізімде тұрған науқасқа салынады. Мәйіттік донордан тек органдар алынбайды. Тіндері мен қан тамырларында алуға болады. Айталық, мәйіттік донорлықтың онкологиялық ауруға шалдыққан науқастарды емдеуде көмегі орасан.

Мәселен, бауырдың, бүйректің немесе басқа да азалардың үлкен күре тамырлары ауырды делік. Бұл кезде онкологтарға ішкі қуыс тамырларында өсіп кеткен ісіктерге операция жасау қиын. Себебі үлкен күре тамырларды кесіп тастаса, қанжүрмей қалады. Ал мәйіттік донордан алынған қан тамырларын онкологтар соның орнына тігіп, операция жасай береді. Былайша айтқанда, қатерлі ісікке шалдыққан науқасты операциямен емдеу мүмкін болмаған сатысында мәйіттік донор арқылы олардың емдеуге мүмкіндік болады.

Бұл бір ғана мысал емес, медицинаның басқа да көп салалары: эндокринологияда, мысалға әртүрлі бездерде, қалқанша безі, бүйрек үсті безінің проблемалары болған кезде трансплантация жасалады. Оларды дәрі-дәрмекпен емдеу мүмкін емес жағдайда шағын органдардың трансформациясы үлкен проблемаларды шешіп береді.

Мәйіттік трансплантацияның дамуы бүкіл медицинаның дамуын алға сүйреп отыр. Еуропада, АҚШ-та, Азияның барлық елдерінде, Жапония, Оңтүстік Корея, Қытайда бұл сала өте жоғары дамыған", - деді Алматы облысының транспланталогия саласының үйлестіруші маманы Тоеке Ақерке Тұрсынбайқызы.

Қазақстан бойынша трансплантацияның 95-98 пайызы тірі донорлардың көмегімен жасалынады екен. Ал мәйіттік донор өкінішке қарай саусақпен санарлық. Себебі белгілі бір себептермен ауруханада ақтық демі таусылған адамның сау ағзасын реципиентке салу үшін тірі кезінде өзінің келісімі болуы керек және олардың туыстары рұқсат беруі қажет.

Бұл жағдайда аурухана төсегінде қайтыс болған адамның туыстары дереу шақыртылады. Ал олармен сұхбатты трансплантологтар жүргізбейді. Оны үйлестіру мамандары мен медициналық психологтар жүзеге асырады. Келісім беру не бермеу туралы соңғы шешімді қайтыс болған адамның туысы қабылдайды.

Ал егер рұқсат берілсе, генетикалық талдауларан басқа адамның қан тобы мен физикалық параметрлері бойынша үйлесімділік болуы тиіс. Егер сәйкестік анықталса, республикалық үйлестіру орталығы мәйіттік донор бойынша күту парақшасында есепте тұрған реципиентті белгілейді.

Ескере кететін жайт, Қазақстан заңына сәйкес ағзасы мәйіттік донорлыққа алынған қайтыс болған адамның туыстарына материалдық тұрғыда сыйақы қарастырылмаған. Бұл таза гуманитарлық көмек ретінде есептеледі. Егер ми өлімі диагнозы қойылған науқастың туыстары рұқсат бермесе, қайтыс болған адамның ағзасы алынбайды.

Бізде мұндайнауқастардың туыстары көп жағдайда келісімін бере бермейді. Осы ретте айтакетерлігі, кәмелет жасына толған кез келген қазақстандық қайтыс болғаннан кейін ағзасын алуға алдын ала келісім бере алады немесе бас тарта алады.

Биылғы алғашқы жартыжылдықтағы мәліметке сүйенсек, небәрі 7 мыңғажуық қазақстандық мәйіттік донор болуға өз келісімін берген екен.

Еуропаның көп елдері мен АҚШ-та, сонымен қатар Азияның бірқатар мемлекетінде "Келісім презумпциясы" деген заң қабылданған. Соған сәйкес ауруханаға түскен науқасқа ми өлімі диагнозы қойылған соң дәрігерлер оныңсау ағзасын кезек күтіп отырған реципиентке сала береді. Себебі бұл елдердеқайтыс болған адамның туыстарының ешқандай рұқсаты алынбайды екен.

Мәселен, АҚШ-та жеке куәлік немесе жүргізуші куәлігін алар кезде берілетін анкетада "Мәйіттік донор болуға келісім бересіз бе?" деген сауал бар екен. Егер адам келісімін берсе, мәселе сол жерде шешіледі. Жалпы Еуропа елдерінде трансплантацияның шамамен 90 пайызы мәйіттік донордан алынады.

Трансплантологтардың айтуынша, ми өлімі анықталған адамның туыстары келісім берсе де барлығының бірдей ағзалары мәйіттік донорлыққа алына бермейді. Ол үшін белгілі бір критерийлер бар. Біздің елде балалардың ағзалары реципиентке салынбайды.

Бұдан өзге Қазақстанда жасы 60-тан асқан адамдардың ағзалары мәйіттік донор ретінде қарастырылмайды. Ал шетелде 70-80 жастан асқандардың органдары алына береді екен. Ал Еуропа елдерінің тәжірибесінде балалар да мәйттік донор бола алады. Біздің елдің заңында тек 18 жастан асқан, кәмелетке толған адам ғана мәйттік донор ретінде қарастырылады.

Елімізде ағза доноры кезегінде тұрғандар саны жыл сайын артып отыр. Соңғы статистикалық дерекке сүйенсек, 5 мыңға жуық науқас ағза доноры кезегінде тұр. Олардың 170-ке жуығы балалар екен. Донор күтіп отырғандардың 3 мыңнан астамы бүйрек алмастыруды қажет ететіндер. Кезек күтіп отырғандардың мыңға жуығы бауыр, 800-ге жуық адам жүрек трансплантациясын қажет етеді.

Биыл алғашқы 7 айда 5 мәйіт донорынан 19 орган трансплантталған. Өкінішке қарай, Қазақстанда жыл сайын 300-ден астам науқас донор тапшылығынан көз жұмады екен.

Если вы заметили ошибку, выделите необходимый текст и нажмите Ctrl+Enter, чтобы сообщить об этом редакции

Комментарии

Последние новости
Объявления