• Главная
  • Шаттыққа толы Наурыз: Қонаев тұрғындары мерекені қарсы алды
Наурыз
12:16, Сегодня
Надежный источник

Шаттыққа толы Наурыз: Қонаев тұрғындары мерекені қарсы алды

Наурыз
Шаттыққа толы Наурыз: Қонаев тұрғындары мерекені қарсы алды, фото-1

Қонаев қаласындағы Б.Соқпақбаев атындағы орталық саябақта Ұлыстың ұлы күні – Әз-Наурыз мерекесі аталып өтті. Таңертеңнен-ақ саябаққа ағылған халықтың қарасы көп болып, мерекелік алаң думанға толды. Қала тұрғындары мен қонақтары ұлттық мейрамды бірге қарсы алды.

Сахна төрінде қазақтың салт-дәстүрінен сыр шертетін беташар көрінісі қойылып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Концерттік бағдарламада әсем әндер шырқалып, күмбірлеген күйлер орындалып, мың бұралған бишілер өнер көрсетті. Әрбір қойылым көпшіліктің көңілінен шықты.

Шаттыққа толы Наурыз: Қонаев тұрғындары мерекені қарсы алды, фото-2

Саябақ аумағында этномәдени көрме ұйымдастырылып, түрлі этнос өкілдерінің дәстүрлері таныстырылды. Сурет көрмесі де келушілердің қызығушылығын тудырды. Балаларға арналған тикток аймақ пен аттракциондарда бүлдіршіндердің шат күлкісі естіліп, мерекенің ажарын аша түсті.

Салтанатты шара аясында ұлттық ойындар да өтті. Көпшілік «Қанталапай», асық ату, садақ ату, алтыбақан тебу секілді дәстүрлі ойындарға белсене қатысты.

Шаттыққа толы Наурыз: Қонаев тұрғындары мерекені қарсы алды, фото-3

Цифрландыру жылы аясында заманауи элементтер де назардан тыс қалмады. Тикток алаңында роботтар бой көрсетіп, көрермендермен бірге би биледі.

Сонымен қатар тұрғындарға иллюзионистер шоуы мен цирк өнері де ұсынылды.

Шаттыққа толы Наурыз: Қонаев тұрғындары мерекені қарсы алды, фото-4

Шарада Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов халықты құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.

«Сіздерді Ұлыстың ұлы күні – Әз-Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Наурыз – елдік пен бірліктің, тазару мен жаңарудың мейрамы. Биыл біз бұл мерекені жаңа Конституциямен қатар қарсы алып отырмыз. Бұл – ел дамуының жаңа кезеңіне бастайтын маңызды қадам. Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін. Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!» – деді қала басшысы.

Шаттыққа толы Наурыз: Қонаев тұрғындары мерекені қарсы алды, фото-5

Осылайша, Қонаевта Әз-Наурыз ұлттық дәстүр мен заманауи мәдениетті тоғыстырған, халықтың бірлігін айшықтаған жарқын мерекеге айналды.

Если вы заметили ошибку, выделите необходимый текст и нажмите Ctrl+Enter, чтобы сообщить об этом редакции

Комментарии

Объявления