Көптен күткен жазғы демалыс та келіп жетті. Бұл – таза ауада серуендеу, суға шомылу, күнге қыздырыну және басқа да жағымды істердің уақыты. Алайда жазғы қуанышпен қатар балалардың қауіпсіздігіне де аса мән беруіміз қажет.
Себебі жаз мезгілінде балалар көбірек далада ойнайды, белсенді демалыспен айналысады, ал бұл жарақат алу қаупін арттырады.
Ресми статистикаға сәйкес, Қазақстанда жыл сайын балалар арасында 200 мыңға дейін жазатайым оқиға мен жарақат тіркеледі. Олардың 70%-ы тұрмыста болады, ал зардап шеккендердің 1,2%-ы мүгедек болып қалады.
Бұл – денсаулық сақтау мамандарын алаңдатып отырған өзекті мәселе.Облыстық балалар клиникалық ауруханасының мәліметі бойынша, жылдың басынан бері 133 бала күйік салдарынан медициналық көмек алған. Оның ішінде 111 бала – термиялық, 22 бала – химиялық күйік алған.
Анализ нәтижесі жарақаттардың негізгі себептері ретінде тұрмыстық құралдарды дұрыс пайдаланбау, балаларды қараусыз қалдыру, сондай-ақ ата-аналардың алдын алу шаралары туралы жеткілікті ақпараттандырылмауы екенін көрсетеді.
Тұрмыстық жарақаттар – ең жиі кездесетін түрі және көбінесе оның себебі – ата-аналардың салғырттығы. Олар балаларды қараусыз қалдырып қана қоймай, оларға қауіпті заттарды қолжетімді жерде қалдырады, терезелерді жаппайды және басқа да қауіпсіздік шараларын елемейді.
Балалар жарақаты жас ерекшеліктеріне байланысты да бөлінеді, себебі әр жаста бала дамуының өзіндік ерекшеліктері бар.
- Сәби кезеңінде (1 жасқа дейін) жарақаттар көбінесе заттарды ауызға салумен байланысты болады – осылайша олар айналаны тани бастайды.
- 1-3 жас аралығында балалардың қимылы белсенді бола түседі, сондықтан жарақаттар көбіне құлау, күйіп қалу, кесіп алу және тоқ ұру салдарынан болады.
- 3 жастан кейін баланың әлеуметтік шеңбері мен белсенділігі кеңейеді, бұл жарақат алу қаупін арттырады.
Термиялық күйіктер көбінесе балалардың ыстық сұйықтықтармен (су, шай, сорпа), бумен, отпен немесе қызған заттармен жанасуынан болады.
Химиялық күйіктер сирек кездеседі, бірақ көбіне тұрмыстық химия заттарының дұрыс сақталмауынан болады. Балалар қышқылды немесе сілтіні төгіп алуы, аэрозольді жұтуы немесе улы сұйықтықты ішіп қоюы мүмкін. Мұндай жарақаттар көбінесе ауыз қуысы, өңеш және тыныс алу жолдарын зақымдайды.
Электрлік күйіктер кішкентай балаларда ашық розеткаларға, жалаңаш сымдарға немесе ақаулы құралдарға қол тигізуден болады. Үлкен жастағы балаларда – электр желілері, трансформаторлық будкалар немесе үй шатырларында ойнау салдарынан болуы мүмкін.
__________________________________
Балалар арасындағы жол-көлік жарақатының себептері, балалар жарақаты көбінесе олардың психофизиологиялық даму ерекшеліктерімен байланысты:
- жас ерекшеліктеріне байланысты піспеген ойлау қабілеті;
- жағдайды дұрыс бағалай алмау;
- шартты рефлекстердің тез қалыптасып, тез жойылуы;
- қозғалысқа деген жоғары қажеттілік, ол сақтықтан басым түседі;
- ересектерге еліктеу;
- өз мүмкіндігін асыра бағалау;
- жақындап келе жатқан көлікке деген ерекше реакциялар және т.б.
Балаларды жолда қауіпсіз жүріс-тұрыс ережелеріне үйрету - жарақаттың алдын алудың басты жолы. Баланың жол-көлік оқиғасына ұшырау қаупін азайту үшін оны қауіпсіздік ережелеріне үйрету қажет. Бірақ баланы бұған сендіретін жалғыз адам -үлгі көрсете алатын ересек адам.
Ата-аналар мен ересектер өз жеке үлгісімен ғана баланың дұрыс мінез-құлық қалыптастыруына көмектесе алады.
Жыл сайын бассейндерде, теңізде, демалыс орындарында және табиғи су қоймаларында сәбилер мен жас балалардың суға кетуінің ондаған жағдайы тіркеледі.
Суға кетудің шамамен 40%-ы теңізде орын алады. Суға кету өте тез және үнсіз болады - әдетте бала суға кетіп жатқанда оның жылағанын немесе көмек сұрағанын есту мүмкін емес. Сондықтан балалар суда болғанда немесе суға жақын жерде жүргенде көз жазып қалмау өте маңызды!
Менің ойымша, балалар жарақатының алдын алу — ересектердің ең маңызды міндеттерінің бірі. Балалардың өсуіне арналған ортаның қаншалықты қауіпсіз болатыны – біздің әрекетімізге байланысты.
Балаларды үнемі оқытып отыру, Ұсақ-түйекке мән беру, Жеке үлгі көрсету - мұның бәрі балаға өзін қалай қорғау керек екенін түсінуге көмектеседі. Тек бірлескен күш-жігер арқылы ғана біз қайғылы оқиғалардың санын азайтып, өсіп келе жатқан ұрпақтың денсаулығын сақтай аламыз.
Алматы облысының бас штаттан тыс педиатры Назым Серікқызы Байғабылова