18+

Алматы облысында медициналық оңалту нәтижесінде бала өздігінен жүріп, сөйлей бастады

Кеген аудандық ауруханасының балаларды оңалту бөлімі 2024 жылдың 21 қыркүйегінде ресми ашылып, бүгінгі күнге дейін Райымбек, Кеген және Ұйғыр аудандарының оңалтуды қажет ететін балаларын амбулаторлық, емханалық және тәулік бойғы стационарлық режимде қабылдап келеді.

Бөлімде "Қазақстан халқына" және "Қамқорлық" қорлары арқылы жалпы 240 млн теңгеге медициналық жабдықтар, жиһаздар, оқу-құрал-жабдықтар жеткізілді. Сонымен қатар, тұзды және шунгит шахталар, интерактивті және сенсорлы бөлмелер, иммерсионды және бальнеологиялық ванналар орнатылған. Тәулік бойғы стационарлық ем алу үшін 8 палатада 15 төсек-орын ұйымдастырылған.

Бөлімшеде неврология, травматология, пульмонология және кардиология профильдері бойынша ем қабылдауға болады. 2025 жылы бөлімшеде жалпы 179 бала оңалтудан өтті, оның ішінде 2-ші кезеңде – 67, 3-ші кезеңде – 112 бала.

Орталықтың ерекше жетістігі – науқас К.С. жағдайы. 2013 жылы туған бала 2024 жылдың сәуірінде ауыр ми жарақаты және инсульттан кейін жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілді. Алғашқы емнен кейін бала Кеген аудандық ауруханасының "Қамқорлық" Оңалту орталығында оңалтудан өтті.

Бастапқыда бала мүгедектік арбасында отырды, оң қолы мен аяғының бұлшық ет күші 2 балл болды, сөйлеуі түсініксіз еді. Бірнеше рет өткізілген оңалту шараларының нәтижесінде қазіргі таңда бала өздігінен жүріп тұра алады, бұлшық ет күші 4 балға жетті, сөйлем құрап сөйлейді, заттарды толық ұстап, өзіне өзі қызмет көрсете алады.

"Бұл біздің орталық үшін үлкен жеңіс және толағай табыс", – дейді бөлімше мамандары.

Орталық алдағы уақытта да балалардың толыққанды оңалтуына бағытталған қызметін жалғастыра бермек.