18+

Ер есімі ел есінде

Заң мен тәртіп қағидаты аясында Ескелді ауданына қарасты Жетісу ауылында "Жас сақшы" сыныбы ашылды.

Оған қызметтік міндетін атқару кезінде қаза болған Алматы және Жетісу облыстары бойынша ҚАЖ департаменті №71 мекемесінің қызметкері, әділет прапорщигі Ербол Төлеубекұлы Ержановтың есімі берілді.

Бұл класс Алматы және Жетісу облыстары бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің тарапынан ашылды.

Бүгін жетінші сынып оқушылары кадеттер қатарына қабылданып, олар "Жас сақшы" деп аталатын жас қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлері сыныбының оқушылары болды. Мұндай сыныпты құрудың мақсаты — балалардың әскери-патриоттық тәрбиесін және кәсіби бағдарларын нығайту, сондай-ақ болашақ мамандықты таңдауға көмектесу.

Кадеттер үшін қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлерінің үлгісіндегі арнайы киім әзірленіп, тігіліп шыққаны атап өтілді. Сынып бөлмесі арнайы стендтермен және жабдықтармен қамтамасыз етілген.

Балалардың болашақта құқықтық тәртіпті сақтауда елдің лайықты азаматтары болатынына сенімдіміз, өйткені олар қазірдің өзінде дұрыс жолда.