18+

Жыл қорытындысы: Қонаевта 150-ден астам мәдени іс-шара ұйымдастырылды

2025 жылы Қонаев қаласында мәдени-рухани өмір қарқынды дамып, қала тұрғындары мен қонақтарына арналған 150-ден астам мәдени іс-шара өткізілді.

Жыл бойы Әз-Наурыз мерекесі, Ұлы Жеңістің 80 жылдығы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күні, Конституция күні, қаланың 55 жылдық мерейтойы, Республика күні және Жаңа жыл кең көлемде аталып өтті.

Аталған мерекелер аясында ұйымдастырылған бірқатар ірі жобалар мен ерекше форматтағы іс-шаралар тарихта қалды.

Атап айтқанда, Мемлекеттік рәміздер күні өткен флайборд-шоу, қаланың 55 жылдығына арналған мерекелік концерт пен думан, Конституция күні 55 метрлік Ту тұғыры нысанының пайдалануға берілуі, Республика күні өткен дрон-шоу, сондай-ақ жаңа жыл қарсаңында ұйымдастырылған мерекелік концерт пен Coca-Cola керуенінің алғаш рет Қонаев қаласына келуі тұрғындар тарапынан жоғары бағаланды.

Жаз мезгілінде әр апта сайын өткен "Aspan fest" фестивалі жастар мен өнер сүйер қауымды бір алаңға тоғыстырды.

Мәдениет саласындағы жаңашыл бастамалар инфрақұрылымдық өзгерістермен де жалғасын тапты. Былтыр бишілер мен әншілерден құралған "Қонаев әуендері" шығармашылық ансамблі құрылып, мәдени жобаларға белсенді тартылды. Қалалық мәдениет үйінде ағымдағы жөндеу жүргізіліп, материалдық-техникалық базасы жаңартылды.

Ал қалалық кітапхана күрделі жөндеуден өтіп, заманауи технологиялармен жабдықталып, тұрғындар игілігіне қайта берілді. Нысанның келбеті түбегейлі жаңарып, оқырмандарға қолайлы жағдай жасалды.

Бүгінде қалада 90-ға жуық ән-би үйірмесі жұмыс істеп тұр. Оған 1000-нан астам бала қатысып, өнер мен шығармашылыққа баулынуда.

Сондай-ақ ономастика саласында да жүйелі жұмыстар жүргізілді. Атауы жоқ бес көшеге Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің, елімізге және Қонаев қаласының дамуына елеулі үлес қосқан тұлғалардың есімдері берілді.

Қонаев қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі