Бұл туралы қала әкімдігінің ТҮКШ бөлімі мәлімдеді.
Соңғы бір айда Қонаевта газ-ауа қоспасының жарылуы бойынша 4 дерек тіркелді. Оның үшеуі жеке тұрғын үйде, ал біреуі көпқабатты үйде орын алған. Осыған байланысты 12 ақпаннан комиссия мүшелері үйлерді аралауды бастайды.
ҚР ӘҚБтК-нің 729-бабына сәйкес, жергілікті атқарушы органдар осы кодекстің 306-бабында (Газ пайдалану, газбен жабдықтау жүйелерінің объектілерін пайдалану қауіпсіздігі жөніндегі талаптарды бұзу) көзделген әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы iстердi қарайды.
Комиссия мүшелері №1, 2, 3, 4, 5 және Ивушка, Спутник шағынаудандарында пәтерлердің газға қосылу, қосылмауы жөнінде тексеріс жүргізеді. Егер олар газ желісі жүргізілген көпқабатты тұрғын үйдің бір немесе бірнеше пәтері көгілдір отынға қосылмағанын анықтаса, тұрғынға кемшіліктің орнын толтыруға уақыт береді.
Естеріңізде болса, 28 қаңтар күні 1 шағынаудан 3-үйдің 4-қабатындағы пәтерде газ-ауа қоспасы жарылып, 2 адам зардап шекті. Осы дерек бойынша Қонаев қалалық полиция басқармасы ҚР ҚК-нің 306-бабы 2-тармағына (Қауiпсiздiк талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару немесе сату, жұмыстарды орындау не қызметтер көрсету) сәйкес, іс қозғады. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүріп жатыр.
Бұл тұрғын үйде бірнеше пәтер газға қосылмаған, соның бірінде газ-ауа қоспасы жарылған. Комиссияның мақсаты – осындай жағдайлардың алдын алу.
Жеке тұрғын үйлерге келсек, ҚР Газ және газ жабдықтау туралы Заңына сай, 1 қабатты тұрғын үйлерде сұйытылған мұнай газын пайдалануға тыйым салынбаған. Сол себептен әкімдік жеке тұрғын үйлерде тексеру жүргізуге құзіретсіз.
Мамандар кез-келген нысанда өрт қауіпсіздігі ережесін қатаң сақтауды сұрайды. Газ құрылғыларын тексеріп, баллондарды уақытылы ауыстырып отыру қажет. Сондай-ақ автогазды тұрмыста пайдалануға болмайды.