18+

Жас құрам – болашаққа бағытталған сенім

Қазақстандық биатлоншылар Милан мен Кортина-д’Ампеццода өткен XXV қысқы Олимпиада ойындарындағы өнерлерін аяқтады. Алматы қаласының халықаралық әуежайында спортшыларды салтанатты түрде қарсы алу рәсімі өтті.

Олимпиадашыларды қолдап, құттықтауға облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының өкілдері, жаттықтырушылар құрамы, туған-туыстары мен жанкүйерлер жиналды.

Еске салсақ, Қазақстан құрамасы биатлоннан төрт олимпиадалық жолдама иеленді. Соның үшеуі Алматы облысының спортшыларына тиесілі болды. Олар — 23 жастағы Айша Ракишева мен 21 жастағы Милана Генева. Екі спортшы үшін де бұл Олимпиада — мансаптарындағы алғашқы дода болса, Алматы облысы үшін маңызды жетістік саналады. Сондай-ақ ұлттық құрама сапында биатлоннан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Әсет Дүйсенов те өнер көрсетті. Үшеуі де Алматы облысының «Қысқы спорт түрлері бойынша мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің» түлектері.

"Бұл біз үшін жай ғана қатысу емес. Бұл — жаттықтырушылардың, мамандардың және спортшылардың көпжылдық еңбегінің нәтижесі. Жастар мол тәжірибе жинақтады, бұл олардың алдағы өсіп-өркендеуіне берік негіз болады", — деді Алматы облысының «Қысқы спорт түрлері бойынша мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің» директоры Хорлан Жақанша.

Олимпиадалық бағдарлама биатлоннан аралас эстафетамен басталды. Бұл сайыста Қазақстан намысын Владислав Киреев, Әсет Дүйсенов, Милана Генева және Айша Ракишева қорғады. Команда 21-нәтижемен мәре сызығын кесті.

Ерлер арасындағы 20 шақырымдық жеке жарыста Әсет Дүйсенов 74-орын алды.

Әйелдер арасындағы 15 шақырымдық жеке жарыста Айша Ракишева 86-орынға тұрақтаса, Милана Генева 89-нәтижемен жарысты аяқтады.

"Жалпы, бекітілген ұлттық құрама құрамы Олимпиада тарихындағы ең жас құрамалардың бірі болды. Спортшылардың орташа жасы 24–25-ті құрады. Бұл — болашаққа бағытталған, ұзақмерзімді дамуға негізделген саясаттың айғағы. Әзірге жоғары орындар үшін таласа алмасақ та, спортшылар мінез бен алға ұмтылысты көрсетті. Олимпиада — ең жоғары деңгейдегі үлкен мектеп. Бұл тәжірибе алдағы маусымдарда олардың айтарлықтай қадам жасауына көмектеседі деп сенемін", — деді Алматы облысының шаңғы жарысы және биатлон бойынша аға жаттықтырушысы, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Кайникамал Дүйсенова.

Биатлоншылар өз кезегінде жанкүйерлер мен мамандарға ыстық ықыластары үшін алғыс білдірді. Олар Олимпиададағы әсерлерімен бөлісіп, алда жарыстарды сараптау, қателіктермен жұмыс және жаңа халықаралық бәсекелерге дайындық күтіп тұрғанын айтты.

Айта кетейік, Италияда өтіп жатқан қысқы Олимпиада ойындарында Қазақстан намысын барлығы 36 спортшы қорғауда. Төрт жылда бір өтетін дүбірлі додаға 95 елден 2871 атлет қатысуда. 22 ақпанға дейін жалғасатын жарыс бағдарламасына 16 спорт түрі бойынша 116 медаль жиынтығы енгізілген.