Қазақстанда теміржол инфрақұрылымына арналған дайын өнім экспорты өсіп жатыр. Отандық кәсіпорындар рельстік бекіткіштер мен темірбетон шпалдарын Орталық Азия елдеріне және Ресейге жеткізуде. Қазір жаңа нарықтарға шығу бойынша келіссөздер жүргізілуде.
Бұл жайлы Алматыда өтіп жатқан Экспортшылар форумында белгілі болды. Форумда шикізатқа тәуелділікті азайтып, дайын өнім экспортын арттыру мәселесі көтерілді. Қазақстан экономикасын әртараптандыру және шикізатқа тәуелділікті азайту – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қойған негізгі міндеттердің бірі. Президент өңделген, қосылған құны жоғары өнім экспортын ұлғайтуды тапсырған болатын.
"Бент" компаниясының президенті Дінмұхаммед Кузиевтің айтуынша, рельстік бекіткіштердің толық жиынтығы бүгінде негізгі экспорттық бағытқа айналған. Сондай-ақ олар жақында QazTrade көмегімен өнімдерін Пәкістан нарығына экспорттамақшы.