18+

Жас чемпиондар біріншілік жолында

Қарасай ауданының «Нұр-Аман» спорт кешенінде «Еңбек ері» құрметті атағының иегері Нұрсағат Отнасовты еске алуға арналған қазақ күресінен ашық облыстық жасөспірімдер турнирі өтті.

Жарысқа Қазақстанның әр өңірінен 2013–2014 жылы туған 200-ден астам жас палуан қатысып, 15 команда 10 салмақ дәрежесі бойынша (32 келіден 65 келіден жоғарыға дейін) өзара мықтыны анықтады.

Жарыс басталар алдында ұйымдастырушылар қатысушыларға Нұрсағат Отнасовтың өмір жолы, еңбек жетістіктері және өңірдің дамуына қосқан үлесі туралы айтып берді. Бұл жас спортшыларға адам күші тек кілемдегі жеңіспен емес, адал еңбегімен, ісіне деген адалдығымен және айналасына құрметімен өлшенетінін ұғындырды.

Жаттықтырушылардың айтуынша, жасөспірім кезеңде спортшыға эмоциясын бақылауды, тәртіп сақтауды және қарсыласқа құрметпен қарауды үйрету аса маңызды.

«12–13 жас – спорттық дайындықтағы ерекше кезең. Дәл осы уақытта техника қалыптасып, тактикалық ойлау мен психологиялық төзімділіктің негізі қаланады. Бұл жаста балалар физикалық тұрғыдан шыңдала бастайды, бірақ эмоцияға да берілгіш келеді. Бірі – осындай ірі турнирге алғаш рет қатысса, енді бірі – жарыс тәжірибесіне ие. Біздің міндетіміз – оларды тек техникалық тұрғыдан емес, мінез-құлқын да тәрбиелеу», – деді Қарасай ауданының «Үшқоңыр» балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы Әділет Ахметов.

Кілем үстіндегі белдесулер жоғары қарқынмен өтті. Әсіресе орта салмақ дәрежелеріндегі финалдық кездесулер көрермен назарын аударды: жас палуандар тік тұрып күресуде сауатты әдіс көрсетіп, ұтымды ұстаулар мен комбинациялық шабуылдарды шебер қолданды. Төрешілер алқасы спортшылардың дайындық деңгейінің жоғары екенін және жас санатындағы бәсекелестіктің артып келе жатқанын атап өтті.

«Мұндай турнирлер өңірдегі балалар мен жасөспірімдер спортын дамытуда маңызды рөл атқарады. Олар жас палуандарға өз мүмкіндігін көрсетуге, бәсекелестік рухын сезінуге және үлкен жеңістерге алғашқы қадам жасауға мүмкіндік береді. Жыл сайын техника түрленіп келеді. Жаттықтырушылардың дұрыс тұрысқа, тепе-теңдікке және белдесудің тактикалық құрылымына ерекше мән беріп отырғаны байқалады», – деді жарыстың бас хатшысы Қуанжан Күлпейісов.

Өз салмақ дәрежелерінде чемпион атанғандар: Алматы облысының өкілдері – Көкрекбай Нұртас (Жамбыл ауданы), Түгелбай Айсұлтан (Қарасай ауданы), Талдыбай Нұржан (Қарасай ауданы); Алматы қаласының спортшылары – Қайырғали Әміржан, Жолмұхан Дәулет, Қадіржан Арнұр, Нұржанұлы Әлібек; сондай-ақ Жамбыл облысының спорт мектептерінің тәрбиеленушілері – Құлан Бекнұр, Амангелдіұлы Нұрдәулет және Болат Нұрлыбек.

Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер грамоталармен және медальдармен марапатталды. Алайда турнирдің басты нәтижесі – тек жүлделі орындар емес, жас спортшылардың жинаған тәжірибесі, жаңа мақсаттары мен алдағы жаттығуларға деген ынтасының артуы болды.