Алматы облысында цифрлық технологияның мүмкіндіктерін көрсеткен ерекше дрон-шоу өтті.
500-ден астам дрон Қонаев қаласының көгінде қалықтап, көрермендерге әсерлі жарық композицияларын ұсынды. Аспанда Қазақстан картасы бейнеленген сәтте жиналған жұрт ерекше қуанышын жасыра алмады,- деп хабарлады Қонаев қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Одан бөлек, шоу барысында ұлттық құндылықтарды айшықтайтын, қазақ халқы үшін береке мен бірліктің белгісі саналатын шаңырақ бейнесі, көктем мен жаңарудың нышаны – қызғалдақ гүлі мен «Наурыз құтты болсын!» деген мерекелік жазу бейнеленді. Дрондар арқылы «Қазақстан», «Алматы облысы» деген жазулар да пайда болды. Бұл өңірдің ел дамуындағы орны мен маңызын білдіретін символдық көрініске айналды.
Шоу барысында ел өміріндегі маңызды саяси оқиғаға арналған композициялар да ұсынылды. Аспанда «15 наурыз – референдум» және «Жаңа Конституция» деген жазулар пайда болып, алдағы республикалық референдумның мәні мен маңызын жеткізді. Сонымен қатар дауыс беру белгісі бейнеленіп, азаматтық жауапкершілік пен әрбір азаматтың өз таңдауын жасау құқығы символдық түрде көрсетілді.
Шараға Алматы облысы әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаев, коалиция мүшелері, зиялы қауым өкілдері, қала тұрғындары мен қонақтары қатысты. Жиналған көпшілік алдында Алматы облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ерболат Тұрымбетов пен Алматы облыстық Қоғамдық кеңесінің төрағасы Қазыбек Дауталиев сөз сөйлеп, облыс халқын референдумға белсенді қатысуға шақырды.
Қазыбек Дауталиев өз сөзінде қазіргі Конституцияның ел дамуына 30 жыл қызмет еткенін атап өтіп, жаңа құжаттың маңыздылығына тоқталды.
Дрон-шоудан кейін кеш концерттік бағдарламамен жалғасты. Шара барысында қала тұрғындарына республикалық референдум туралы ақпараттық брошюралар таратылды.