14-23 наурыз аралығында Қазақстанда жалпыұлттық Наурызнама онкүндігі өтеді. Наурыз мейрамын атап өтудің бұл форматы аз уақыт ішінде тарихи дәстүрлерді, мәдени іс-шараларды, қоғамдық бастамаларды ұштастырып, ел бірлігін нығайтуға бағытталған маңызды халықтық мерекеге айналды.
Наурызды жаңа форматта атап өту 2024 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен бекітілген. Ол Наурызды тек бір күндік мереке ретінде емес, адамдардың жүздесіп, игі істер істеп, жаңарып, қоғамдағы татулық пен келісімді нығайтатын кезең ретінде қабылдаған тарихи дәстүрге негізделеді.
Наурызнама аясында биыл еліміз бойынша 10 мыңнан астам іс-шара өткізу жоспарланған. Онкүндіктің әр күні қоғамның негізгі құндылықтарын айқындайтын жеке тақырыпқа арналады.
- 14 наурыз – «Көрісу күні – Амал мерекесі». Бұл – адамдардың бір-бірімен жүздесіп, амандасып, жылы лебіздерін білдіретін, сағынысып көрісетін күн.
- 15 наурыз – «Қайырымдылық күні». Бұл күн мейірімділікке, қамқорлық пен жанашырлыққа арналды.
- 16 наурыз – «Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні». Ұлттық мәдениет пен ата-баба дәстүрлерін дәріптеуге бағытталған күн.
- 17 наурыз – «Шаңырақ күні». Отбасы құндылықтарын, ұрпақтар сабақтастығын және шаңырақтың бірлігін айшықтайтын күн.
- 18 наурыз – «Ұлттық киім күні». Ұлттық киімнің халықтың мәдени болмысы мен бірегейлігінің маңызды бөлігі екенін насихаттайтын күн.
- 19 наурыз – «Жаңару күні». Жаңғыру мен жасампаздықты, жаңа бастамалар мен игі өзгерістерді білдіретін күн.
- 20 наурыз – «Ұлттық спорт күні». Ұлттық спорт түрлері мен дәстүрлі ойындарды кеңінен дәріптеуге арналған күн.
- 21 наурыз – «Ынтымақ күні». Бірлік пен ынтымақты, қоғамдағы татулық пен келісімді нығайтуды мақсат ететін күн.
- 22 наурыз – «Жыл басы». Наурыз мейрамының басты күні. Ол жаңа жылдың басталуын, табиғаттың жаңаруын, береке мен молшылықты білдіреді.
- Наурызнама онкүндігі 23 наурыз – «Тазару күнімен» аяқталады. Бұл күн тазалықты, экологиялық мәдениетті және қоршаған ортаға ұқыпты қарау құндылықтарын насихаттауға арналған.
Наурызнама бағдарламасында республикалық мәдениет ұйымдарының іс-шаралары ерекше орын алады. Онкүндік аясында музейлер, театрлар, концерттік ұйымдар мен мәдениет орталықтарының алаңдарында көрмелер, концерттер, фестивальдер, театрландырылған қойылымдар, қайырымдылық акциялары, мәдени-танымдық кездесулер және түрлі тақырыптық жобалар ұйымдастырылады.