18+

"Бауырсақ party": Іле ауданында референдум күні ұлттық дәстүр дәріптелді

Алматы облысы Іле ауданында республикалық референдум күні тұрғындарға ерекше форматтағы шара ұсынылды.

Асқар Тоқпанов ауылдық округінде ұйымдастырылған бастама ауыл тұрғындарына мерекелік көңіл күй сыйлап, ұлттық дәстүр мен қоғамдық белсенділікті ұштастырған шараға айналды.

№42 мектеп ғимаратында орналасқан референдум учаскесіне келген тұрғындарға қазақтың ұлттық тағамы – ыстық бауырсақ ұсынылды. «Бауырсақ party» деп аталған шағын мерекелік шара дауыс беруге келген ауыл тұрғындарының көңіл күйін көтеріп, ерекше атмосфера қалыптастырды.

Ұлттық нақыштағы бұл бастама ауыл тұрғындарын бір ортаға біріктіріп, татулық пен ауызбіршіліктің көрінісіне айналды. Көпшілік мұндай игі шаралар елдік маңызды күннің мәнін арттыра түсетінін атап өтті.

Жергілікті қоғамдастық мүшесі Салтанат Тәжиева ұйымдастырушыларға алғыс білдіріп, мұндай бастамалар ауыл тұрғындарының көңіл күйін көтеріп қана қоймай, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге де ықпал ететінін айтты.

«Осындай бастамалар ауыл тұрғындарын біріктіріп, ерекше атмосфера қалыптастырады. Бұл тек дауыс беру ғана емес, адамдардың бір-бірімен кездесіп, пікір алмасуына мүмкіндік беретін жақсы дәстүрге айналып келеді», – дейді ол.

Айта кетейік, қазақ халқы үшін бауырсақ – береке мен қонақжайлықтың символы. Осыған орай ұйымдастырылған «Бауырсақ party» тұрғындарға мерекелік көңіл күй сыйлап қана қоймай, ұлттық дәстүрді ұлықтаған ерекше шара ретінде есте қалды.