Бұл туралы Сарыбұлақ ауылы тұрғындарымен кездескен қала әкімі Асхат Бердіханов айтты.
Оның сөзіне сүйенсек, Шеңгелді ауылдық округіне қарасты 5 елдімекеннің инфрақұрылымын дамытуға аса көңіл бөлінуде. Мысалы, биыл бес ауылдың 88 көшесіне жарық жүйесі тартылады. Соның ішіне Сарыбұлақ ауылының 14 көшесі енгізілген. Қазіргі таңда жоба мемлекеттік сараптамадан өтуде.
Жиында ауылдарды көгілдір отынға қосу мәселесі де сөз етілді. Асхат Бердіхановтың мәліметінше, автоматтандырылған газ тарату станциясын салу жобасы мемлекеттік сараптамаға жіберілді. Ал ауылішілік газ жүйесінің жобасы әзірлену үстінде.
Сонымен қатар ол ауыл шаруашылығы саласына да тоқталды. Айтуынша, Шеңгелді ауылдық округінде егіс көлемі 13 528 гектарды құрайды. Көктемгі дала жұмыстарын өткізуге 67 трактор, 10 астық сепкіш қатысады. Зиянкестерге қарсы 11 475 гектар алқапта химиялық өңдеу жүргізіледі.
Қала басшысы баяндамасынан кейін тұрғындардың сұрақтарына жауап берді. Сауалдардың басым көпшілігі ауыл шаруашылығы саласына қатысты болды. Асхат Бердіханов проблемалардың назарға алынғанын жеткізіп, нақты шешімдер қабылданатынын айтты.
Сарыбұлақ ауылының халқы жарық жиі өшетініне шағымданды. Бұл проблема "АлатауЖарықКомпаниясы" АҚ-мен бірлесе отырып, қарастырылады.
Қонаев қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі