• Главная
  • Алматы облысында жүзден асқан қариялар азаматтық таңдауын жасады
18:10, Сегодня
Надежный источник

Алматы облысында жүзден асқан қариялар азаматтық таңдауын жасады

Алматы облысында мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауына соғыс ардагерлері, тыл еңбеккерлері мен ғасыр жасаған қариялар да белсенді қатысуда.

Жасы мен денсаулығына байланысты кейбірі үйден дауыс берсе, енді бірі сайлау учаскесіне арнайы келіп, өз таңдауын жасады.

 Алматы облысында жүзден асқан қариялар азаматтық таңдауын жасады, фото-1

Мәселен, Іле ауданында тұратын 103 жастағы соғыс ардагері Тәңірберген Толғанбаев пен Жамбыл ауданындағы 99 жастағы майдангер Федор Ковалев үйден дауыс берді.

 Алматы облысында жүзден асқан қариялар азаматтық таңдауын жасады, фото-2

Райымбек ауданының Сарыбастау ауылында тұратын 103 жастағы Раушан Нұрақынова да өз таңдауын үйінде жасады. №781 сайлау учаскесінің комиссия мүшелері дауыс беру жәшігін алып, кейуананың үйіне арнайы барды. Ақ жаулықты әже комиссия өкілдерін қарсы алып, азаматтық құқығын пайдаланды.

 Алматы облысында жүзден асқан қариялар азаматтық таңдауын жасады, фото-3

Кеген ауданында тұратын 104 жастағы тыл ардагері Күлпара Шортанова да сайлауға белсенді қатысты. №573 сайлау учаскесінің комиссия мүшелері әжейдің өтініші бойынша шаңырағына бюллетень мен дауыс беру жәшігін жеткізді.

 Алматы облысында жүзден асқан қариялар азаматтық таңдауын жасады, фото-4

Ғасырдан астам ғұмыр кешкен Күлпара әже бүгінде 39 немере, 73 шөбере және 7 шөпшектің қызығын көріп отырған үлкен әулеттің ақылшысы. Оның сайлауға қатысуы – азаматтық жауапкершіліктің жасқа қарамайтынын көрсететін өнеге.

Ал Ұйғыр ауданының Шонжы ауылында тұратын 105 жастағы Аятхан Шәріпқожа сайлау учаскесіне келіп дауыс берді. Алты баласынан тараған немере, шөбере, шөпшектерінің қызығын көріп отырған ақ жаулықты ана сайлау учаскесіне келіндері мен немерелерін ерте келіп, өз таңдауын жасады.

"Ең бастысы – еліміз тыныш, халқымыз аман болсын. Жастарымыздың болашағы жарқын болып, елдің, өңірдің дамуына еңбек ететін азаматтар көбейсін", – дейді Аятхан апа.

 Алматы облысында жүзден асқан қариялар азаматтық таңдауын жасады, фото-5

Талай тарихи кезеңнің куәсі болған ардагерлер мен ғасыр жасаған қариялардың сайлауға қатысуы, олардың ел өміріне бейжай қарамайтынын аңғартады. Қариялардың бұл қадамы кейінгі ұрпаққа азаматтық жауапкершіліктің үлгісін көрсетеді.

Айта кетейік, Алматы облысында мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауында 1 056 474 адам дауыс беру құқығына ие. Олардың қатарында биыл 18 жасқа толып, алғаш рет сайлауға қатысып жатқан 8 296 жас бар.

Өңірде таңғы сағат 7:00-ден бастап 683 сайлау учаскесі жұмыс істеп жатыр.

Если вы заметили ошибку, выделите необходимый текст и нажмите Ctrl+Enter, чтобы сообщить об этом редакции
Алматы облысының ӨКҚ

Комментарии

Объявления