Қонаев қаласына қарасты Шеңгелді ауылдық округінде шегірткеге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары басталды. Биыл зиянкестермен күрес ауқымы өткен жылмен салыстырғанда екі еседен астам ұлғайып отыр.
Қала әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметінше, аса қауіпті зиянды организмдер мен карантиндік нысандарға қарсы іс-шараларды үйлестіру үшін арнайы жұмыс тобы құрылған.
Негізгі қауіп төндіріп отырған италиялық прусқа қарсы өңдеу Шеңгелді ауылдық округінде 5 680 гектар аумақты қамтиды. Оның 3 200 гектары авиация арқылы, 2 480 гектары жерүсті техникасымен дәріленеді.
Ал үйірсіз, яғни жекелей таралатын шегірткеге қарсы 5 795 гектар жер өңделмек. Мұнда 4 мың гектарға әуе арқылы, 1 795 гектарға арнайы жерүсті қондырғыларымен химиялық препарат себіледі.
Қазіргі таңда жұмыстар басталып кетті. Шеңгелді аумағында 495 гектар жерге химиялық өңдеу жүргізілді. Атап айтқанда, «Арыстан», «Абжалил», «Өмір» шаруа қожалықтарының егістік және жайылымдық жерлері дәріленді.