18+

"Сәйгүлік–2026": Қонаевта өткен бәйгеде 10 миллион теңге жүлде қоры сарапқа салынды

9 Мамыр – Жеңіс күніне орай Қонаев қаласына қарасты Шеңгелді ауылындағы атшабарда ұлттық спортты ұлықтаған «Сәйгүлік–2026» облыстық ашық турнирі өтті.

Дүбірлі додаға өңірдің түкпір-түкпірінен жиналған 140-тан астам сәйгүлік қатысып, көрермендерге нағыз тартысты бәсеке сыйлады.

Салтанатты ашылу рәсімінде Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов сөз сөйлеп, жарысқа қатысушыларды Жеңіс күнімен құттықтады.

«Ұлы Жеңіс мерекесі аясында ұйымдастырылған бұл бәйге – ұлт рухын асқақтатып, ата дәстүрді дәріптейтін тағылымды шара. Мемлекет басшысы атап өткендей, ұлттық спорт – ел рухының айнасы. Осындай игі бастамалар жастардың ұлттық құндылықтарға деген құрметін арттыра түседі. Баршаңызға бейбіт өмір, амандық пен мол береке тілеймін. Тұлпарлар сүрінбей, шабандоздар жеңіс тұғырынан көрінсін», – деді шаһар басшысы.

Бәйге ақсақалдардың ақ батасымен басталды. Тай, құнан және аламан бәйге бойынша өткен жарыстарда шабандоздар шеберлігі мен тұлпарлардың бабына көрермен ерекше тәнті болды. Жанкүйерлер делебесін қоздырған додада кей сәйгүліктер жарыс барысында жарақат алып, бәйгені аяқтай алмады. Ал топ жарған жүйріктерге қомақты ақшалай сыйлықтар табысталды.

Аламан бәйгеде бас жүлдені «Дос» тұлпарын тізгіндеген шабандоз Әлімжан иеленді.

«Старттан бастап елуге жуық аттың ортасында келдім. Мәреге шамамен бес жүз метр қалғанда тұлпардың қарқынын үдеттім. Соның нәтижесінде бірінші болып жеттік», – деді жеңімпаз шабандоз.

Аламан бәйгеде екінші орын Ұзынағаштан келген «Ерке торыға» бұйырса, үшінші орынды «Көкбайрақ» иеленді.

Турнир барысында «Көрермен көзайымы» арнайы номинациясы да табысталды. Қарасай ауданының Абай ауылынан келген жеті жастағы Раяна есімді шабандоз қыз Құнан бәйгеде батылдығымен көпшіліктің ықыласына бөленді.

Жарыс кезінде атқа ие бола алмай қалғандықтан, әкесі бәйге үстінде басқа шабандозды мінгізуге мәжбүр болған. Осыған байланысты төрешілер алқасы жүлделі орын бермегенімен, көрермен қауым жас шабандозға қолдау көрсетті.

Раянаның әкесі Алмасбек ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, ұлттық спортты насихаттайтын мұндай шаралардың маңызы зор екенін атап өтті.

Жарыс қорытындысы келесідей:

Тай бәйге

III орын

  • Ат иесі – Азамат
  • Шабандоз – Рамазан
  • Тұлпар – «Желжүрек» (Қонаев қаласы)

II орын

  • Ат иесі – Нұржан
  • Шабандоз – Рамазан
  • Тұлпар – «Ботакөз» (Іле ауданы)

I орын

  • Шабандоз – Дәулет
  • Тұлпар – «Маршал» (Шеңгелді ауылы)

Құнан бәйге

III орын

  • Ат иесі – Нұран
  • Шабандоз – Нұрғанат
  • Тұлпар – «Адият» (Ұзынағаш ауылы)

II орын

  • Ат иесі – Бақыт Сәрсенбеков
  • Шабандоз – Хамза
  • Тұлпар – «Хан жүрек»

I орын

  • Ат иесі – Имаш Үмбетов
  • Шабандоз – Әділжан
  • Тұлпар – «Айғазы» (Ұзынағаш)
12:04, Сегодня