18+

Алматы облысында Перинаталдық орталық жаңғыртылды

Есік қаласында күрделі жөндеуден өткен №1 Перинаталдық орталық ашылды.

Алматы облысының Есік қаласында күрделі жөндеуден өтіп, толық жаңғыртылған №1 Перинаталдық орталық салтанатты түрде пайдалануға берілді. Ана мен бала денсаулығын қорғауға бағытталған маңызды әлеуметтік нысан заманауи талаптарға сай медициналық көмек көрсетуге дайын.

Медициналық мекеме 2007 жылы салынған. 2025 жылы жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстары барысында орталықтың инженерлік желілері, материалдық-техникалық базасы мен инфрақұрылымы толық жаңартылды. Сонымен қатар мекеме заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Нысанның жалпы аумағы 10 800 шаршы метрді құрайды.

№1 Перинаталдық орталық — Алматы облысының тұрғындарына тәулік бойы акушериялық-гинекологиялық және неонатологиялық көмек көрсететін мамандандырылған медициналық мекеме. Орталық 110 төсек-орынға арналған және Еңбекшіқазақ, Райымбек, Кеген, Талғар және Ұйғыр аудандарының тұрғындарына қызмет көрсетеді.

Орталықты жаңғырту жұмыстары «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жүзеге асырылды. Жоба жүкті әйелдерге, босанатын және босанған аналарға, сондай-ақ жаңа туған нәрестелерге көрсетілетін медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға, ана мен бала өлімін төмендетуге бағытталған.

Орталықта:

  • мамандандырылған акушериялық көмек;
  • шұғыл және жоспарлы гинекологиялық көмек;
  • ⁠жаңа туған нәрестелерге неонатологиялық көмек;
  • әйелдер мен балаларға реанимациялық көмек;
  • консультациялық-диагностикалық қызметтер;
  • гинекологиялық аурулар бойынша хирургиялық көмек көрсетіледі.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі аясында орталықта заманауи диагностикалық, емдік және хирургиялық қызметтер, соның ішінде аз инвазивті операциялар, лапароскопия, гистероскопия, жүктілік патологиялары кезінде жасалатын операциялар, күрделі деңгейдегі кесарь тілігі, сондай-ақ реконструктивтік-пластикалық және органсақтаушы операциялар жүргізіледі.

Мекеме заманауи диагностикалық және хирургиялық құрал-жабдықтармен жабдықталған. Бұл күрделі операцияларды қауіпсіз жүргізуге және ана мен бала денсаулығын қорғаудың жоғары деңгейін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Жаңартылған №1 Перинаталдық орталықтың ашылуы Алматы облысындағы босандыру қызметін дамытудағы маңызды қадамдардың бірі болып табылады және өңір тұрғындарына көрсетілетін медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға ықпал етеді.

Әлуметтік медициналық сақтандыру қоры КЕАҚ Алматы облыстық филиалының баспасөз қызметі

Стендовая стрельба
11:15, 10 мая
Конаевский гарнизон
15:40, 8 мая