Бүгін Қонаев қаласына қарасты Шеңгелді ауылдық округінде әкім сайлауы өтіп жатыр. Таңертеңнен бастап ауыл тұрғындары сайлау учаскелеріне келіп, өз таңдауларын жасауда.
Сайлау округіне қарасты Қосқұдық, Кербұлақ, Сарыбұлақ, Шеңгелді және Ақөзек ауылдарында барлығы 7 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр. Оның біреуі – жабық, қалғаны – ашық учаскелер. Жалпы сайлаушылар саны 5371 адамды құрайды. Ауыл әкімі лауазымына үш кандидат тіркелген.
Шеңгелді ауылдық мәдениет үйінде орналасқан №956 сайлау учаскесінде тұрғындардың қарасы қалың. Аталған учаскенің төрағасы Айгүл Ақтанованың айтуынша, саяси науқанға тұрғындар белсене қатысуда.
Бұл күні жасы үлкен қариялар да сайлаудан шет қалмады. Денсаулығына байланысты учаскеге келе алмаған тұрғындар үйден дауыс беруде. Соның бірі Альфия Құндақбаева сайлауға қатысу әр азаматтың міндеті екенін айтты.
Сайлау күні қазіргі ауыл әкімі Мақсат Жазиев те өз таңдауын жасап, барлық кандидаттарға сәттілік тіледі.
Учаскелер маңында мерекелік көңіл-күй де байқалады. Өнерпаздар ән шырқап, ауыл тұрғындарына концерттік бағдарлама ұсынуда. Домбыра үні шырқалған мәдениет үйінің маңында тұрғындар бір-бірімен пікір алмасып, елдің болашағына бейжай қарамайтынын көрсетті.
Қонаев қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі