18+

Алматы облысында VII ашық республикалық бокс турнирі өз мәресіне жетті

Алматы облысының Қарасай ауданында Алматы облысының Құрметті азаматы, спорт ардагері Сейітқали қажы Ыбытаевтың құрметіне арналған VII ашық республикалық бокс турнирі өз мәресіне жетті.

Осы жылдар ішінде турнир игі дәстүрге айналып, жасөспірімдер боксы күнтізбесіндегі ең маңызды әрі көптен күтілетін жарыстардың біріне айналды. Биылғы додаға 2012–2013 жылы туған 130-дан астам жас былғары қолғап шебері қатысты. Жүлделі орындар үшін Қазақстанның әр өңірінен келген командалармен қатар Оман, Қырғызстан, Өзбекстан және Әзербайжаннан келген спортшылар да бақ сынады.

Жарыстың салтанатты ашылу рәсіміне Сейітқали қажы Ыбытаевтың қатысуы шараның маңызын арттыра түсті. Ол – қоғам және дін қайраткері ғана емес, сондай-ақ спортқа деген адалдығы мен салауатты өмір салтын берік ұстанатын өнегелі тұлға.

Сейітқали қажы Ыбытаев отыз жылға жуық уақыттан бері Қазақстандағы ең көне «Сат» мешітінің имамы қызметін атқарып келеді. 1990-жылдары Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының орынбасары болды. Руханиятты, мәдениетті және ұлттық дәстүрлерді дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының шешімімен оған «Үздік ардагер имам – 2024» атағы берілді. Сонымен қатар ол салауатты өмір салтын берік ұстанушы ретінде кеңінен танымал. Бүгінде де спорттық бабын сақтап, күрес және шығыс жекпе-жегі түрлерімен тұрақты түрде айналысады.

Жас спортшыларға ақ батасын берген Сейітқали қажы Ыбытаев оларға өз күштеріне сеніп, биік белестерді бағындыруға тілек білдірді.

"Көптеген жас спортшылар осы рингте алғаш рет бақтарын сынап жатыр. Олар мұнда батылдық, қайсарлық, табандылық және қарсыласқа деген құрмет сияқты нағыз спортшыға тән қасиеттерді танытып келеді. Бұл балаларды алда үлкен жарыстар күтіп тұр деп сенемін. Осындай турнирлер жас боксшылардың шеберлігін шыңдап, өз мүмкіндіктерін көрсетуіне жол ашады. Спортты қолдап жүрген барлық азаматтарға алғысымды білдіремін. Осындай сыннан өткен жастар ертең ел намысын абыроймен қорғайтын азамат болып өседі", – деді Алматы облысының Құрметті азаматы, спорт ардагері Сейітқали қажы Ыбытаев.

Бес күнге созылған жарыс барысында 15 салмақ дәрежесі бойынша жүлделер сарапқа салынды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай жасөспірімдер турнирлері болашақ спорт резервін қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Мамандардың пікірінше, соңғы жылдары Алматы облысында жас спортшыларға арналған жарыстардың күнтізбесі жыл сайын толығып келеді. Бұл жас спортшылардың жарыс тәжірибесін тұрақты түрде жинақтауына, ал жаттықтырушылардың шәкірттерінің дайындық деңгейін нақты нәтижелер арқылы бағалап, оқу-жаттығу үдерісін жетілдіруіне мүмкіндік береді.

"Бұл дәстүрлі турнир салауатты өмір салтын насихаттап қана қоймай, жаңа таланттарды анықтауға да зор ықпал етеді. Рингте тартысты жекпе-жектер өтіп, жас боксшылар өз жасына сай жоғары техникалық шеберлік пен жақсы дене дайындығын көрсетті. Ең бастысы – олардың жеңіске деген жігері айқын байқалды. Турнирдің географиясы жыл сайын кеңейіп келеді.

Биыл жарысқа Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген жас боксшылармен қатар Оман, Қырғызстан, Өзбекстан және Әзербайжан мемлекеттерінің өкілдері де қатысты. Мұндай халықаралық қатысу жарыстың мәртебесін арттырып қана қоймай, спорттық достықты нығайтуға, тәжірибе алмасуға және болашақ чемпиондарды тәрбиелеуге ықпал етеді", – деді жарыстың бас төрешісі Еламан Жұмашев.

Турнир қорытындысы бойынша жалпыкомандалық есепте бірінші орынды Қазақстан Республикасының құрамасы иеленді. Екінші орын Өзбекстан Республикасының командасына, ал үшінші орын Әзербайжан Республикасының құрамасына бұйырды.

Турнирдің «Үздік боксшы» аталымына Алматы облысының спортшысы Серік Нұрсұлтан лайық деп танылды.

"Менің спорттық қоржынымда халықаралық және республикалық жарыстардың жүлделері бар. Дегенмен бұл жеңістің орны ерекше. Өйткені бұл турнир өмір бойы қайсарлықтың, спортқа деген адалдықтың және биік адамгершілік қасиеттердің жарқын үлгісін көрсетіп келе жатқан тұлғаның құрметіне арналған. Біз сияқты жас спортшылар үшін бұл – үлкен мәртебе әрі зор өнеге", – деді бокстан Қазақстан Республикасының спорт шеберлігіне кандидат Серік Нұрсұлтан.

Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері медальдармен, дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Сонымен қатар үздік өнер көрсеткен спортшылар Қазақстан Республикасының спорт шеберлігіне кандидат нормативін орындады.