Бүгін Қапшағай су қоймасының айдыны тағы да ашық суда жүзу спортының халықаралық орталығына айналды.
Heaven Club демалыс аймағында Орталық Азиядағы ашық суда жүзуден ең ірі жарыс – OCEANMAN QAZAQSTAN ALMATY KAPCHAGAY – 2026 халықаралық фестивалі бастау алды. Қазақстанда бесінші жыл қатарынан өткізіліп келе жатқан бұл дода әлемнің түкпір-түкпірінен ең мықты спортшылар мен әуесқой жүзушілердің басын қосуда.
Мерейтойлық маусымға 19 елден 1600-ден астам қатысушы жиналды. Жарыс жолына Қазақстан, Германия, Біріккен Араб Әмірліктері, Португалия, Беларусь, Литва, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Қытай, Таиланд, Украина, Латвия, Үндістан, Кения, Франция, Ирландия, Ұлыбритания, Нидерланд және Грузия елдерінің спортшылары шықты.
Жарыстың алғашқы күні-ақ көрермендерге тартысты бәсеке сыйлады. Дәл осы күні ең беделді қашықтықтар – OCEANMAN (10 км) және HALF OCEANMAN (5 км) бойынша жарыстар өтті.
Жүзушілер алғашқы метрлерден-ақ жоғары қарқын көрсетіп, көшбасшылық үшін күрес басталды. Бірі бастапқы сәттен басымдыққа ие болуға ұмтылса, енді бірі шешуші кезеңге күш сақтап, ұтымды тактиканы таңдады. Қапшағай су қоймасының айдыны тағы бір мәрте оңайға соқпайтын жарыс жолы екенін дәлелдеді. Мұнда жеңіс тек жылдамдыққа ғана емес, төзімділікке, мінезге және ашық суда жылдам шешім қабылдай білу қабілетіне де байланысты.
Алғашқы жарыс күнінің қорытындысы бойынша мерейтойлық турнирдің алғашқы жеңімпаздары мен жүлдегерлері анықталып, OCEANMAN QAZAQSTAN ALMATY KAPCHAGAY – 2026 фестивалінің медальдар есебі ашылды.
Фестивальдің ресми ашылу салтанаты ертең өтеді. Жарыстың екінші күні қатысушылар SPRINT (2 км), OCEANKIDS (500 м) және INSPIRATION санаттары бойынша бақ сынайды.
Алда қатысушыларды жаңа жарыстар, жарқын жеңістер, ұмытылмас әсерлер және су айдынымен ғана емес, өз мүмкіндіктерімен де сынға түсетін тартысты сәттер күтіп тұр.