18+

"Сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ" атты облыстық пікірсайыс турнирі өтті

Қонаев қаласындағы «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығында Алматы облысы әкімдігінің Ішкі саясат басқармасының қолдауымен, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті және «PARYZ еріктілері» жастар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Заң мен тәртіп» және «Адал азамат» қағидаттары аясында «Сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ» атты облыстық пікірсайыс турнирі өтті.

Турнирдің мақсаты – жастар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, құқықтық сауаттылықты арттыру, адалдық, әділдік және азаматтық жауапкершілік қағидаттарын дәріптеу, сондай-ақ пікірсайыс мәдениетін дамыту.

Пікірсайыс турниріне республиканың әр өңірінен келген, «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығында демалып жатқан жастар қатысты. Жалпы, турнирде 8 команда бақ сынап, 200-ге жуық оқушы көрермен ретінде қатысып, командаларға қолдау көрсетті.

Турнирдің салтанатты ашылу рәсімінде Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары, Әдеп жөніндегі кеңес хатшылығының меңгерушісі Исебаев Мадияр Болатұлы құттықтау сөз сөйлеп, жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастырудың, әділдік пен адалдық құндылықтарын дәріптеудің маңыздылығына тоқталды.

Турнир барысында қатысушылар жоғары деңгейдегі шешендік қабілеттерін, құқықтық білімдерін, сыни ойлау дағдыларын және азаматтық ұстанымдарын көрсетті. Қатысушылар заң үстемдігі, адалдық қағидаттары және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелері бойынша өз пікірлерін білдіріп, тың ұсыныстарын ортаға салды.

Тартысты әрі мазмұнды өткен пікірсайыс нәтижесінде үздік командалар мен қатысушылар анықталды.

Арнайы номинациялар:

  • «Сөз шебері» – Нұрланова Нұрай;
  • «Үздік спикер» – Бодақ Үміт;
  • «Талпыныс» – Балнұр және Айбар.

Жүлделі орындар:

  • ІІІ орын – Болатбек Балауса мен Бодақ Үміт;
  • ІІ орын – Суттибаева Карина мен Манарбек Абылқайыр;
  • І орын – Асқарқызы Ақбота мен Жетписбаева Ясмин.

Жеңімпаздар дипломдармен және арнайы сыйлықтармен марапатталды. Атап айтқанда, І орын иегерлеріне планшеттер, ІІ орын иегерлеріне портативті колонкалар, ІІІ орын иегерлеріне сымсыз құлаққаптар, ал арнайы номинация иелеріне сыртқы аккумуляторлар табысталды.

Аталған пікірсайыс турнирі жастардың құқықтық санасын арттыруға, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға және адалдық қағидаттарын қоғамда кеңінен насихаттауға бағытталған маңызды алаңға айналды.

Іс-шара соңында ұйымдастырушылар барлық қатысушыларға, төрешілер мен қонақтарға алғыс білдіріп, жастардың белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыруға бағытталған осындай жобалардың алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті.