Шалкөде төрінде өткен Райымбек ауданының 90 жылдық мерейтойына арналған «Хантәңірі қазынасы» халықаралық этнофестивалі өз мәресіне жетті. Мерекеге Қазақстанның түкпір-түкпірінен және шетелдерден келген 25 мыңға жуық қонақ қатысты.
Шалкөде жайлауына жиналған қауым ауданның терең тарихымен, агроөнеркәсіптік, туристік әлеуетімен тереңірек танысып, тұмса табиғаттың тылсым сырына қанықты. Әсіресе «Жолан жүйрігі» республикалық ат бәйгесі халыққа ерекше әсер сыйлап, шара қорытындысында жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққандар марапатталды, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
«Жолан жүйрігінде» еліміздің әр өңірінен және шетелдерден келген таңдаулы шабандоздар бақ сынап, тартысты дода өткізді.
- Республикалық аламан бәйгеде Қордай ауданынан қатысқан «Ботагөз» тұлпары (иесі – Нұрберген Айсұлтан) мәреге бірінші болып жетті.
- Топ бәйгеде «Желсұлы» сәйгүлігі (иесі – Нұрсейіт Жылқышабай) топты жарып, нағыз жүйрік атанды.
- Құнан бәйгеде Қордай ауданынан келген «Қызғалдақ» тұлпары (иесі – Дүйсеғұл әулеті) жеңімпаз болды.
Аталған үздіктер «CHANGAN» және «KIA» маркалы автокөліктері мен 2 миллион теңге қаржылай сыйлықты жеңіп алды.
Жергілікті шабандоздарға арналған аудандық бәйгелер де көрерменнің ерекше ықыласына бөленді. Онда Райымбек пен Кеген аудандарының сәйгүліктері сынға түсіп, бұл бәйгенің де жеңімпаздары автокөлік иесі атанды. Өзге қатысушылар да сыйлықтан құр қалған жоқ.
Додаға қатысқан шабандоздың бірі – Исламәлі Ертөс.
Мерейтой аясында ұйымдастырылған іс-шаралардың жоғары деңгейде өтуіне заманауи цифрлық технологиялар да сеп болды. Алматы облысының Цифрлық технологиялар басқармасы «Freedom Satellite» ЖШС-мен бірлесіп, Шалкөде жайлауында «Starlink спутник интернет жүйесін» іске қосты. Соның нәтижесінде фестиваль қонақтары мен қатысушылары таулы аймақта жоғары жылдамдықты интернетті еркін пайдаланды.
Нәтижесінде 7 тоннаға жуық қатты тұрмыстық қалдықтар шығарылды. Іс-шара өткен 116 480 м² аумақта «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын насихаттау мақсатында 20 баннер орналастырылды. Тұзкөл ауылынан іс-шара өтетін орынға дейінгі 28 шақырым жол бойына әр 5 шақырым сайын 8 қоқыс контейнері қойылды.
Іс-шара аяқталғаннан кейін барлық контейнерлер мен қалдықтарды уақытша жинау орындарынан барлық қоқыс жиналды. Жиналған қатты тұрмыстық қалдықтар арнайы қоқыс тасымалдаушы техникаларға тиеліп, белгіленген қоқыс полигонына шығарылды.