Райымбек ауданының 90 жылдық мерейтойы аясында көрікті Шалкөде жайлауында «Жолан жүйрігі» республикалық ат бәйгесі мен ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтті.
Ауқымды спорт мерекесіне Қазақстанның әр өңірінен келген 300-ден астам қатысушы мен Қырғыз Республикасынан арнайы келген қонақтар қатысты.
Жарыс бағдарламасына республикалық және аудандық ат бәйгесі, сондай-ақ қазақ күресі, қол күресі, гір көтеру және қошқар көтеру сайыстары енді.
Биылғы жарыстың тартымдылығын қомақты жүлде қоры арттыра түсті. Ұйымдастырушылар бес автокөлік пен 23 миллион теңгеден астам ақшалай сыйлықты сарапқа салды.
Күннің басты оқиғасы республикалық ат бәйгесі болды.
- 25 шақырымдық Аламан бәйгеде «Ботагөз» тұлпары (иесі – Нұрберген Айсұлтан, Жамбыл облысы) топ жарып, бас жүлде – Changan автокөлігін иеленді. Екінші орын иегеріне 2 млн теңге, үшінші орынға 1,5 млн теңге, ал төртінші және бесінші орын алғандарға тиісінше 1 млн және 700 мың теңге табысталды.
- 15 шақырымдық Топ бәйгеде «Желсұлы» тұлпарының иесі Нұрсейіт Жылқышабай жеңімпаз атанып, Kia автокөлігімен марапатталды. Екінші, үшінші, төртінші және бесінші орын иегерлері 1,5 млн, 1 млн, 700 мың және 500 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлықтарға ие болды.
- 9 шақырымдық Құнан бәйгеде «Қызғалдақ» тұлпары (иесі – Дүйсегүл әулеті) жеңіске жетіп, 2 млн теңгелік сертификатқа ие болды. Екінші орынға – 1 млн теңге, үшінші орынға – 700 мың теңге, төртінші орынға – 500 мың теңге, бесінші орынға – 300 мың теңге берілді.
Кеген және Райымбек аудандарының шабандоздары сынға түскен аудандық бәйге де тартысты өтті.
- 21 шақырымдық Аламан бәйгенің жеңімпазы автокөлікпен марапатталса, жүлдегерлерге 1 млн, 700 мың, 500 мың және 300 мың теңге көлемінде ақшалай сыйақы табысталды.
- 15 шақырымдық Топ бәйгенің жеңімпазы да автокөлікке ие болды. Ал жүлделі орын иегерлері 1 млн, 700 мың, 500 мың және 300 мың теңгеден алды.
- 7 шақырымдық Құнан бәйгеде бірінші орынға – 1 млн теңге, екінші орынға – 700 мың теңге, үшінші орынға – 300 мың теңге берілді.
Спорт мерекесінің көркін ұлттық спорт түрлерінен өткен жарыстар аша түсті. Көрермендердің ерекше қызығушылығын абсолюттік салмақ дәрежесінде (90 келіден жоғары) елдің 33 үздік балуаны бақ сынаған республикалық «Түйе палуан» турнирі тудырды.
Жарыс жеңімпазы Ерғалиев Еламан (Қызылорда облысы) атанып, автокөлікпен марапатталды.
Күміс жүлдені Адибан Өріс (Алматы облысы) жеңіп алып, 1 млн теңгелік сертификатқа ие болды. Қола жүлдегер Қаблан Нұрсұлтан (Қостанай облысы) 500 мың теңгелік сертификатпен марапатталды.
Қошқар көтеру сайысында дәстүр бойынша бас жүлде – тірі қошқар – ең мықты қатысушыға табысталды.
Қол күресінен жеңімпаздар 100 мың, 70 мың және 50 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлықтармен марапатталса, гір көтеруден бірінші, екінші және үшінші орын иегерлері тиісінше 50 мың, 30 мың және 20 мың теңгеге ие болды.