Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясында 2026 жылғы 23 тамызда өтетін Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауына дайындық аясындағы екінші отырыс өтті, деп хабарлайды Qonaev-gorod.
ОСК мәліметінше, сайлауға жеті саяси партия қатысуға ниет білдірді. Партиялық тізімдерге барлығы 546 кандидат енгізілген. Атап айтқанда:
- «Әділет» партиясы – 186 кандидат;
- «Respublica» партиясы – 76 кандидат;
- Қазақстан Халық партиясы – 72 кандидат;
- «Ауыл» партиясы – 69 кандидат;
- «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясы – 63 кандидат;
- Қазақстанның жасылдар партиясы «Байтақ» – 47 кандидат;
- Жалпыұлттық социал-демократиялық партия – 33 кандидат.
ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіров барлық партиялық тізімдерде заңнамада белгіленген әйелдер, жастар және мүгедектігі бар азаматтар үшін кемінде 30 пайыздық квотаның сақталғанын атап өтті.
Партиялық тізімдерді тіркеу 2026 жылғы 23 шілде күні сағат 18:00-ге дейін жалғасады. Одан кейін кандидаттардың заң талаптарына сәйкестігін тексеру жұмыстары аяқталады.