Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің цифрлық сервистерін одан әрі дамытуды жалғастыруда. Бұл азаматтардың МӘМС жүйесінің қызметтеріне қолжетімділігін арттыруға және олармен өзара іс-қимылды барынша ыңғайлы әрі ашық етуге бағытталған.
2026 жылы МӘМС 2.0 трансформациясы шеңберінде негізгі бағыттардың бірі – eGov Mobile мобильді қосымшасында жаңа цифрлық сервистерді іске қосу арқылы «халықтық бақылау» тетіктерін кеңейту.
Бүгінде eGov Mobile пайдаланушылары МӘМС жүйесіне қатысу туралы мәліметтерді алып, өздерінің сақтандырылу мәртебесін тексере алады, сондай-ақ МӘМС жүйесіне аударылған аударымдар мен жарналар туралы ақпаратқа қол жеткізе алады.
Бұл тетік медициналық көмектің көрсетілу ашықтығын арттыруға бағытталған және көрсетілген медициналық қызметтердің нақты алынғанын растауға мүмкіндік беретін қоғамдық бақылаудың алғашқы цифрлық құралдарының бірі болып табылады.
Цифрлық сервистерді дамытудың келесі кезеңінде пациенттер үшін жаңа мүмкіндіктер қолжетімді болады. Атап айтқанда, eGov Mobile қосымшасындағы пациенттің жеке профилінде өзі тіркелген медициналық ұйым туралы өзекті ақпарат, сақтандыру мәртебесі, МӘМС жүйесіндегі төлемдер тарихы, жарналар күнтізбесі және жеңілдік санатына қатысты мәліметтер көрсетіледі.
Сонымен қатар, МӘМС бойынша қате немесе артық төленген аударымдар мен жарналарды қайтару жөніндегі мемлекеттік қызметті толық цифрландыру жоспарланып отыр.
Мүдделі мемлекеттік органдармен бірлескен жұмыс шеңберінде халыққа ұсынылатын цифрлық мүмкіндіктердің ауқымын кеңейту жалғасады. Пайдаланушыларға көрсетілген медициналық көмек пен оның нәтижелері, көрсетілген қызметтердің құны, ТМККК және МӘМС шеңберіндегі қаржыландыру көздері туралы мәліметтер, сондай-ақ басқа да цифрлық сервистер кезең-кезеңімен қолжетімді болады.
eGov Mobile қосымшасындағы цифрлық сервистерді дамыту азаматтардың МӘМС жүйесімен өзара іс-қимылын барынша ыңғайлы, ашық әрі пациенттердің қажеттіліктеріне бейімделген деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Бұл бағыттағы жұмыстар Қазақстандағы цифрлық денсаулық сақтауды дамыту жолындағы маңызды қадамдардың бірі болады.