Алматы облысының атынан Қазақстан ұлттық құрамасы сапында өнер көрсеткен Асет Дүйсенов Щучинск қаласында аяқталған биатлоннан жазғы Азия чемпионатының басты қаһармандарының біріне айналды.
Беделді құрлықтық додада спортшы бірден екі жүлдеге қол жеткізіп, спринт жарысында күміс медаль, ал жекелей сында қола медаль жеңіп алды. Осылайша ол Қазақстан құрамасының жалпы жетістігіне елеулі үлес қосты. Өз жерінде өткен чемпионатта ұлттық құрама жалпы 27 медаль иеленді.
Асет Дүйсенов үшін бұл жетістік – ұзақ жылғы еңбектің заңды жемісі. Бүгінде ол Қазақстан ерлер құрамасының көшбасшыларының бірі, биатлоннан Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегі спорт шебері, XXV қысқы Олимпиада ойындарының қатысушысы және IX қысқы Азия ойындарының күміс жүлдегері.
Алайда халықаралық деңгейдегі табысқа жетелеген жол Олимпиада жолақтарынан әлдеқайда бұрын басталды. Болашақ чемпионның бойындағы қабілетті алғаш байқаған адам – оның анасы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Қайникамал Дүйсенова болды. Ол ұлын спортқа баулып, тәртіпке, жауапкершілікке және нағыз чемпионға тән басты қасиет – ешқашан тоқмейілсімей, үнемі алға ұмтылуға тәрбиеледі.
Бүгінде Асет өзінің спорттық шеберлігін жеке бапкері Диас Кенешевтің жетекшілігімен шыңдап келеді. Диас Кенешев – екі қысқы Олимпиада ойындарының қатысушысы, белгілі қазақстандық биатлоншы. Өз кезінде ол да Қазақстан ұлттық құрамасы сапында Алматы облысының намысын қорғаған. Тәжірибелі бапкердің халықаралық деңгейдегі білімі мен мол тәжірибесі Асетке шеберлігін жетілдіруге, спорттық деңгейін тұрақты көтеруге және халықаралық беделді жарыстарда жоғары нәтижелер көрсетуге мүмкіндік беріп келеді.
Жазғы Азия чемпионатында жеңіп алған қос медаль Асет Дүйсеновтің жоғары спорттық деңгейін тағы бір мәрте дәлелдеді. Алда оны жаңа қысқы маусым күтіп тұр. Онда ол Қазақстанның намысын халықаралық жарыстарда қорғап, жаңа жеңістерге ұмтылатын болады.
Лилиана Штогрина