Қарасай ауданында өңірдің ең мықты балуандарын анықтаған «Алатау арланы» облыстық іріктеу турнирі өтті.
Бұл – Алматы облысының намысын республикалық «Қазақстан Барысы» турнирінде қорғайтын үздік палуандарды анықтайтын басты дода. Енді жеңімпаздар 15 тамыз күні өтетін ел біріншілігінде бақ сынайды.
Жарыс «Нұр-Аман» спорт кешенінде өтіп, оған абсолюттік салмақ дәрежесіндегі («түйе палуандары») 29 үздік балуан қатысты. Кілемге аудандық және қалалық іріктеу кезеңдерінің жеңімпаздары – жасы 18-ден асқан, салмағы 90 келіден жоғары спортшылар шықты.
Алғашқы белдесулерден-ақ бұл турнирде осал қарсылас болмайтыны белгілі болды. Әрбір палуан жеңістің бағасын жақсы түсінді. Себебі бәйгеде – елдегі ең беделді ұлттық күрес турниріне жолдама тұрды. Финалға дейін-ақ жанкүйерлер тартысты әрі ымырасыз белдесулердің куәсі болды. Балуандар сан алуан әдіс-тәсілдерін көрсетіп, қуатты лақтырулар жасап, тік тұрып күресудің жоғары деңгейін паш етті. Әсіресе ширек финал мен жартылай финал кездесулері аса тартысты өтті.
Турнирдің бас төрешісі Қапар Рауанов қатысушылар құрамын тәжірибе мен жастықтың үйлесімі деп бағалады.
Турнирдің басты сенсациясы – Қазақстан Республикасының спорт шебері, қазақ күресінен Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы Нұрғали Жолтаевтың сенімді жеңісі болды. Шешуші белдесуде Еңбекшіқазақ ауданының өкілі Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегі спорт шебері, қазақ күресінен Әлем кубогының жеңімпазы Мәди Еділбаевты (Қонаев қаласы) жеңіп шықты.
Жарыс қорытындысы бойынша Нұрғали Жолтаев турнирдің басты жүлдесі – символикалық «Алтын белбеумен», сондай-ақ 2 миллион теңге көлеміндегі ақшалай сыйлықпен марапатталды. Күміс жүлдегер Мәди Еділбаевқа 1 миллион теңге көлемінде ақшалай сыйлық табысталды. Дәл осы екі балуан Алматы облысының намысын республикалық «Қазақстан Барысы» турнирінде қорғайтын болады.
Қола жүлдеге Қонаев қаласының өкілі Тәңірберген Бекнұр ие болып, ақшалай сертификатпен марапатталды.
Лилиана Штогрина