18+

"Қорғау" жүйесі мен дрон: Алматы облысында жолдағы тәртіп бақылауда

Алматы облысы Полиция департаментінің Патрульдік полиция батальоны қызметкерлері ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің үйлестіруімен жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға және жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған кешенді профилактикалық жұмыстар жүргізуде.

Автомобиль жолдарының апаттық қауіпті учаскелерінде полиция қызметкерлері «Қорғау» автоматтандырылған жүйесі мен ұшқышсыз ұшу аппаратын пайдалана отырып, жолдағы жағдайды тұрақты бақылауда ұстап, Жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзушылықтардың жолын кесуде.

Полиция қызметкерлері жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіретін бұзушылықтарға ерекше назар аударады. Атап айтқанда, қарсы қозғалыс жолағына шығу, қауіпті маневрлер жасау, белгіленген жылдамдық режимін бұзу және жүргізушілердің өзге де қауіпті әрекеттері дер кезінде тоқтатылады.

Мұндай бұзушылықтардың уақтылы жолын кесу жолдағы қауіпті жағдайлардың өршуіне жол бермей, ықтимал жол-көлік оқиғаларының алдын алуға және адам өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді.

Алматы облысы Полиция департаментінің бастығының тапсырмасына сәйкес, мұндай профилактикалық іс-шаралар тұрақты негізде жүргізіледі. Әсіресе демалыс және мереке күндері көлік қозғалысының қарқындылығы бірнеше есеге артатындықтан, жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінеді.

Полицияның басты мақсаты - жүргізушіні жазалау емес, қауіпті құқық бұзушылықтың дер кезінде жолын кесу, ықтимал қайғылы жағдайдың алдын алу және жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.