Жаңа оқу жылы қарсаңында Алматы облысында «Келешек мектептері» жобасы аясында 4 200 орынға шақталған бес жаңа білім ошағы ашылады.
Сонымен қатар реновация бағдарламасы аясында тағы 10 мектеп күрделі жөндеуден өткізіліп, пайдалануға берілмек. Бұл туралы Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев «Конституциялық құндылықтар: кәсібилік, сапа, нәтиже» атты облыстық тамыз мәслихатында мәлімдеді.
Сонымен қатар облыста мектеп тапшылығын жою мақсатында жаңа жобалар да әзірленуде. Мәселен, Алматы әкімдігімен бірлесіп, бірнеше жаңа мектеп салу жоспарлануда. Облыс әкімдігі жер учаскелерін анықтап қойған, қазіргі таңда тараптар келіссөздер жүргізуде.
Жоспарға сәйкес, әрқайсысы 900 орындық екі мектеп Алатау қаласының Жаңа Дәуір шағын ауданында және Іле ауданындағы Екпінді ауылында салынбақшы. Қарасай ауданындағы Көксай және Қырғауылды ауылдарында әрқайсысы 1 200 орынға арналған тағы екі мектеп бой көтереді. Талғар ауданының Тұздыбастау ауылында 900 орындық білім ошағын салу жоспарланған. Осылайша, бес мектептің жалпы жобалық қуаты 5 100 оқушы орнын құрайды.
Сонымен қатар қыркүйек айында облыста «Келешек мектептері» жобасы аясында салынған тағы бес жаңа мектеп оқушылар үшін есігін айқара ашады. Олар Алатау қаласының Қоянқұс ауылында, Іле ауданының Тілендиев ауылында, Қарасай ауданының Бұлақты ауылында, сондай-ақ Еңбекшіқазақ ауданының Сатай және Ащысай ауылдарында орналасқан. Осылайша аталған елді-мекендердегі үш ауысымды мектеп мәселесі толық шешіліп, тағы екі мектептегі оқушы орындарының тапшылығы жойылады деп күтілуде.
Өңірдегі жоғары демографиялық өсім жағдайында жаңа нысандардың құрылысы білім беру жүйесіндегі инфрақұрылым тапшылығын азайту үшін аса маңызды.
2026-2027 оқу жылында Алматы облысының 502 жалпы білім беретін мектебінде шамамен 385 мың бала білім алады. Оның 35 мыңнан астамы биыл алғаш рет мектеп табалдырығын аттайтын бірінші сынып оқушылары.
Жаңа мектептер салумен қатар, қолданыстағы білім беру нысандарының инфрақұрылымы да жаңартылуда. Өңірде күрделі жөндеуді қажет ететін 91 білім беру нысаны анықталған. Биыл облыстағы 11 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Оның 10-ы жаңа оқу жылында пайдалануға беріледі.
Сондай-ақ халық тығыз орналасқан ауылдарда мектеп салу мәселесі де басты назарда. 2026–2030 жылдары EPC+F механизмі арқылы Іле ауданындағы Өтеген батыр, Жайнақ, Байсерке және А. Тоқпанов ауылдарында, сондай-ақ Еңбекшіқазақ ауданындағы Бәйтерек ауылында жалпы сыйымдылығы 4 200 орын болатын бес мектеп салу жоспарлануда.
Бұл жобалар іске асырылса үш ауысымда оқып жүрген жеті мыңнан астам оқушының мәселесі толық шешіліп, шалғай елді мекендерден тасымалданатын тағы 2 871 бала өз ауылында білім алатын болады.