18+

"Алтын адам кубогы": болашақ чемпиондар қалыптасатын ринг

Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында бокстан IV халықаралық «Алтын адам кубогы» турнирі басталды. Рингке 2009–2010 жылдары туған 130-дан астам жас боксшы шықты. Қазақстанның 6 өңірінен келген спортшылармен бірге жүлделерді Түрікменстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғызстан өкілдері сарапқа салып жатыр.

Турнирдің салтанатты ашылу рәсіміне спорт саласының өкілдері, жаттықтырушылар, төрешілер, бокс ардагерлері және құрметті қонақтар қатысты. Қатысушыларға сәттілік, тартысты жекпе-жектер мен жаңа жеңістер тілектері білдіріліп, жарыстың жасөспірімдер боксін дамытудағы және елдің спорттық резервін қалыптастырудағы маңызды рөлі атап өтілді.

Жарыс атауының да өзіндік мәні бар. «Алтын адам» — Қазақстанның тарихи және мәдени мұрасының жарқын символдарының бірі. Ол күш-қайратты, абырой мен ұрпақтар сабақтастығын білдіреді.

«Мұндай атаумен өтетін турнирдің спорттық қана емес, символдық мәні де зор. Бүгінде осы рингте жас спортшылар өнер көрсетіп жатса, ертең олардың арасынан қазақ спортының даңқты дәстүрін жалғастырып, еліміздің намысын ірі халықаралық ареналарда қорғайтын чемпиондар шығуы мүмкін», — деді Қазақстан бокс федерациясының вице-президенті Мырза Ертенбек.

Турнирдің халықаралық құрамы әр жекпе-жектің маңызын арттыра түседі. Боксшылар үшін бұл әртүрлі өңірлердің өкілдерімен кездесіп, шетелдік құрдастарының дайындығындағы ерекшеліктерді байқап, өздерін бейтаныс қарсыластармен жекпе-жекте сынауға мүмкіндік береді. Мұндай кездесулер спортшыларға өз деңгейін объективті бағалап, мықты тұстарын анықтауға және әлі де жетілдіруді қажет ететін бағыттарды түсінуге көмектеседі.

«Дәл жасөспірімдер кезеңінде болашақ спорттық мансаптың іргетасы қаланады. Спортшының жеке мәнері қалыптасып, өзіне деген сенімі артады және үлкен жеңістерге апарар жол күнделікті еңбектен басталатынын түсінеді. Қатысушылардың құрамы әртүрлі бокс мектептерін салыстыруға мүмкіндік беріп, спортшыларға баға жетпес тәжірибе береді. Сондай-ақ жарыстың ұйымдастырылуы мен төрешілер жұмысының жоғары деңгейін ерекше атап өткім келеді. Олардың басты міндеті — әр жекпе-жекке объективті баға беру», — деді жарыс ұйымдастырушысы Тілк Манап.

Рингте 11 салмақ дәрежесі бойынша - 48 келіден бастап 90 келіден жоғары салмақта - тартысты бәсеке жүріп жатыр. Мұнда оңай жекпе-жек жоқ: әр кездесу - төзімділікке, табандылыққа және мінезге жасалған жаңа сынақ.

Қатысушылар арасында халықаралық жарыстарда тәжірибе жинаған боксшылар да бар. Солардың бірі - Маңғыстау облысының намысын қорғап жүрген Расул Халиф. 2025 жылы ол Иорданияда өткен бокстан Азия чемпионатында 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде финалға шыққан.

Енді халықаралық жарыстардағы тәжірибесін Алматы жеріне алып келген Расул кезекті рет рингке шығып, жаңа қарсыластармен күш сынасып, өзін тағы бір мәрте сынап, турнирдің басты жүлдесі - чемпиондық белбеу үшін күресуге ниетті.

«Мен үшін әр турнир - өзіңді шыңдаудың, мықты бола түсудің мүмкіндігі. Азия чемпионатынан кейін халықаралық жарыстардың қаншалықты маңызды екенін түсіндім. Мұнда боксшылардың әртүрлі мәнерін көріп, қарсыласқа тез бейімделуді үйренесің. «Алтын адам кубогына» да мықты спортшылар жиналған, сондықтан әр жекпе-жек мен үшін үлкен сынақ болмақ. Мен лайықты бокс көрсетіп, жаттығуларда жасаған еңбегімді рингте көрсетуге және, әрине, чемпиондық белбеу үшін күресуге бар күшімді саламын», - деді Расул Халиф.

Алда спортшыларды бірнеше күндік тартысты бәсеке күтіп тұр. Жарыстың басты жүлдесі - жеңімпаздарға табысталатын чемпиондық белбеулер.

Алайда бұл турнирдегі жеңіс тек медаль мен жүлдемен өлшенбейді. Бұл - спортшымен бірге жарыстан кейін де қалатын тәжірибе, жаңа таныстықтар, мықты қарсыластармен өткен жекпе-жектер және алға қарай әлі де қанша қадам жасауға болатынын түсінуге мүмкіндік беретін маңызды мектеп.

Жарыс қорытындысы бойынша «Үздік боксшы», «Үздік жаттықтырушы» және «Үздік төреші» арнайы номинацияларының иегерлері дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталады.

Ал бірінші, екінші және үшінші орын алған спортшыларға тағы бір маңызды марапат - Қазақстан Республикасының спорт шеберлігіне кандидат атағы беріледі.

Лилиана Штогрина