Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Кеген ауданындағы бірқатар маңызды нысандарды аралап, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму жоспарымен танысты.
Өнеркәсібі өркендеп, туризмі түлеп келе жатқан таулы аймақта соңғы жылдары электр энергиясының тапшылығы сезіле бастаған. Жарық жетіспеушілігін жою үшін Кеген ауданының Алғабас ауылында шағын су электр станциясының құрылысы басталды. Инвестициялық жобаны "Kegen Hydro" компаниясы жүзеге асырады.
Жобаға "Осирис Энерго"ЖШС 11 млрд теңге инвестиция құюға ниетті. Аймақ басшысы бұл жобалардэ өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай оң әсер ететін тілге тиек етті.
Сонымен қоса аймақ басшысы жобаны жүзеге асырып жатқан компания өкілдеріне құрылыс жұмыстарына жергілікті азаматтарды көптеп тартуды, әсіресе жастардың кәсіби маман ретінде қалыптасуына мүмкіндік жасауды баса айтты.
Алғабас ауылында бұдан өзге де ақжолтай жаңалықтар аз емес. Мұнда осал топтағы отбасыларға арналған он үй салынып жатыр. Ол баспана кезегінде тұрған азаматтарға ұзақ мерзімге жалға берілмек.