Алматы облысы биыл мемлекеттік бюджетке салықтар мен басқа да міндетті төлемдерден 1,5 трлн теңге түсіруді жоспарлап отыр. Бұл – өңір тарихындағы ең жоғары көрсеткіш.
Былтыр облыс алғаш рет 1,1 трлн теңгеден астам түсім қамтамасыз еткен. Оның ішінде республикалық бюджетке – 490,5 млрд, жергілікті бюджетке 628,6 млрд теңге түсті, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Салық түсімдерінің тұрақты өсуі өңір экономикасының да алға жылжып келе жатқанын көрсетеді. Соның бір мысалы – облыстық бюджетке қаржы аударатын донор аудандар санының көбеюі. Алматы облысы қайта құрылғанға дейін Іле және Қарасай аудандары ғана донор болса, қазір олардың қатарына Талғар, Еңбекшіқазақ, Жамбыл аудандары, сондай-ақ Қонаев және Алатау қалалары қосылды. Осылайша донор аумақтар саны 2-ден 7-ге жетті.
Донор аумақтардың көбеюіне жаңа өндірістердің іске қосылуы, инвестицияның артуы және кәсіпкерліктің дамуы әсер етті. Соңғы жылдары облыста KT&G, PepsiCo және «Жетісу Вольфрамдары» сияқты ірі компаниялардың жаңа өндірістік жобалары іске қосылды. Сондай-ақ, Іле ауданында ФМК мен JTI кәсіпорындарының өндірістік қуаттарын кеңейтуі де салық түсімдерінің өсуіне ықпал етті.