18+

Әлижан Аблагатов Қазақстанға ушу-саньдадан Азия ойындарындағы алғашқы медальді сыйлады

XX жазғы Азия ойындары – Aichi–Nagoya 2026 аясындағы жарыстар жалғасуда.

Бүгін Қазақстанның ушу-саньда тарихында айтулы оқиға орын алды. Ұлттық құрама сапында Алматы облысының намысын қорғаған Әлижан Аблагатов ел қоржынына осы спорт түрінен Азия ойындарындағы алғашқы медальді салды.

70 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен қазақстандық спортшы жартылай финалда Иран өкілі Ерфан Мохаррами Пирагноммен кездесті. Тартысты жекпе-жекте ирандық спортшы жеңіске жетті. Жарыс ережесіне сәйкес, жартылай финалда жеңілген спортшылар қола жүлдегер атанады.

Осылайша, Әлижан Аблагатов XX жазғы Азия ойындарының қола жүлдесін иеленіп, Қазақстанға ушу-саньдадан Азия ойындары тарихындағы тұңғыш медальді әкелді.

Бұл жетістік Алматы облысы үшін де айрықша мәнге ие. Жеңістің артында талай жылғы жаттығу, тынымсыз еңбек және халықаралық аренада жинақталған мол тәжірибе жатыр.

2025 жылдың қыркүйегінде 18 жастағы Әлижан Аблагатов Бразилияда өткен ушу-саньдадан әлем чемпионатында күміс жүлдеге ие болды. 70 келіге дейінгі салмақта ол Гонконг, Мысыр және Түрікменстан спортшыларын кезекпен жеңіп, ересектер арасындағы әлем чемпионатының финалына жолдама алды.

Ал Азия ойындарындағы жүлдеге апарар жол ширек финалдан басталды. Бұл кезеңде Әлижан Вьетнам өкілі Чыонг Ван Чуонгпен кездесті. Жекпе-жектің алғашқы сәттері тең дәрежеде өткеніне қарамастан, қазақстандық спортшы бастаманы өз қолына алып, кездесуді мерзімінен бұрын нокаутпен аяқтады. Бұл жеңіс Әлижанды жартылай финалға шығарып қана қоймай, Қазақстан қоржынына медальдің түсуін қамтамасыз етті.

Лилиана Штогрина

Капшагайское водохранилище
16:23, 20 сентября г.