Халықаралық қарттар күні қарсаңында Қазақстанның барлық өңірінде «Әділет» партиясының жастар қанаты ұйымдастырған «Ардагерлерді ардақтайық» атты ауқымды акция өтуде.
Бастама бір мезетте 17 облыс пен республикалық маңызы бар 3 қаланы қамтыды.
Акцияға 2 мыңға жуық жас қатысып, ардагерлерге, жалғызбасты қарттарға және қарттар үйлерінің тұрғындарына барды. Жастар 600-ден астам аға буын өкіліне назар аударып, қолдау көрсетті.
Еліміздің әр өңірінде жас белсенділер қарт адамдарға үй шаруасына көмектесіп, еңбек ардагерлері мен тыл еңбеккерлерінің үйлеріне барып, олармен кездесулер және мәдени іс-шаралар ұйымдастырды. Акцияның басты мақсаты – бір реттік көмек көрсету ғана емес, аға буынға тұрақты түрде көңіл бөлу және ұрпақтар сабақтастығын сақтау.
Кездесулер барысында ардагерлер жастарға өздерінің өмір жолы туралы әңгімелеп, естеліктері мен тәжірибелерімен бөлісті. Әңгіме еңбек, жауапкершілік, білім, үлкенге құрмет және кейінгі ұрпаққа құндылықтарды жеткізу маңыздылығы төңірегінде өрбіді.
«Әділет» жастар қанаты төрағасының орынбасары Ержан Хамитовтың айтуынша, бұл акция – аға буын өкілдерімен жүйелі түрде жүргізіліп жатқан жұмыстың бір бөлігі.
Акцияға қатысушылардың бірі Жақсыбала Ескожанова қарттарға көңіл бөлудің маңызы ерекше екенін атап өтті.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Ардагерлерді ардақтайық» акциясы Халықаралық қарттар күніне арналған іс-шаралармен ғана шектелмейді. Жыл бойы еліміздің барлық өңірінде кездесулер, атаулы көмек көрсету және бірлескен бастамалар жалғасын табады.