
Баскетбол
21:14, Сегодня
Надежный источник
Қарасай ауданында Бақытжан Әбдібаевты еске алуға арналған республикалық турнир өтті
Баскетбол

Алматы облысының Қарасай ауданында КСРО спорт шебері, Жамбыл ауданының Құрметті азаматы Бақытжан Әбдібаевты еске алуға арналған жасөспірімдер арасындағы республикалық баскетбол турнирі өз мәресіне жетті.
Жарысқа Қазақстанның түрлі өңірінен 13 команда қатысып, 2011–2012 жылы туған 200-ден астам жас спортшы бас қосты.
Бұл турнирдің ерекшелігі – оның спорттық маңызымен қатар, қалыптасу тарихында. Осыдан 20 жылға жуық уақыт бұрын аудандық деңгейде бастау алған жарыс спорт қауымдастығының қолдауы мен қатысушылардың қызығушылығының артуы нәтижесінде біртіндеп облыстық деңгейге көтерілді. Ал 2025 жылы оған республикалық мәртебе берілді.

Турнирдің салтанатты ашылу рәсімінде Бақытжан Әбдібаевтың туған-туыстары мен жақындары, сондай-ақ құрметті қонақтар жас баскетболшыларға ізгі тілектерін білдірді. Олар қатысушыларға тартысты ойын, адал бәсеке және жарқын жеңістер тілеп, мұндай жарыстардың өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі және салауатты өмір салтын насихаттаудағы айрықша рөлін атап өтті.
«Бұл турнир – жүлде мен кубок үшін өтетін жарыстан әлдеқайда ауқымды шара. Бұл – ұрпақтар сабақтастығының көрінісі, ғұмырын спортқа арнаған азаматтың рухына көрсетілген құрмет. Сонымен қатар Алматы облысындағы баскетбол дәстүрлерінің жалғасуына, жас спортшылардың жаңа жетістіктерге ұмтылуына жол ашатын маңызды алаң», – деп атап өтті Алматы облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы Олимпиадалық спорт түрлері бөлімінің маманы Ербол Құлжабаев.

Жарыстың маңызын баскетбол спортымен өмірі біте қайнасқан азаматтың есімі арттыра түседі. Бақытжан Әбдібаев спортта үлкен жолдан өтті. Ол жасөспірімдер мен жастар құрамаларынан бастап, елдің негізгі командасына дейін көтерілді.
Талантты ойыншы болумен қатар, кейінгі буынға тәжірибесін үйреткен білікті тәлімгер болды. Сондай-ақ туған Жамбыл ауданында спорттың дамуына үлес қосып, жас спортшыларға қолдау көрсетті.
«Бақытжан Әбдібаев соғыстан кейінгі қиын кезеңде өсті. Сол уақыттағы көптеген балалар секілді оның да спортпен айналысуына оңай болған жоқ. Алайда баскетболға деген сүйіспеншілігі оның өмірлік жолын айқындады. Ол Қазақстанның жетекші баскетболшыларының біріне айналып, КСРО құрамасының сапында өнер көрсетті және жас ойыншылардың тұтас бір буынына тәлімгер болды.
Бұл турнир – жай ғана жарыс емес, спорттық дәстүрлердің жалғасы әрі баскетболдың дамуына зор үлес қосқан азаматтың есіміне көрсетілген құрмет. Осындай іс-шаралар арқылы жас ұрпақ отандық спорттың тарихымен танысып, тәртіпке, мақсаткерлікке және табандылыққа үйренеді. Бүгінгі жарысқа қатысып отырған жастар – ертеңгі чемпиондар. Ең бастысы – табанды еңбек пен өз күшіне деген сенім», – деді Үмбетәлі ауылы ақсақалдар кеңесінің төрағасы Әуесбай Тәжібаев.

Турнир барысында командалар жоғары техникалық дайындықтарын, өзара үйлесімді ойын өрнегін және жеңіске деген жігерін көрсетті. Тартысты кездесулер, әсерлі ойын сәттері мен әр ұпай үшін болған қызу бәсеке нағыз баскетбол мерекесінің атмосферасын қалыптастырды.
Жарыстың бас төрешісі Максим Шалаевтың айтуынша, турнир жоғары ұйымдастырушылық және төрешілік деңгейде өтті. Қатысушылар өздерінің лайықты дайындықтарын көрсетіп, финалдық кездесулер жоғары бәсекелестікпен және тартысты ойын өрнегімен ерекшеленді. Оның пікірінше, мұндай жарыстар жас баскетболшыларға өз қабілеттерін танытып, маңызды ойын тәжірибесін жинақтауға мүмкіндік береді.
«Мұндай турнирлер – баскетболдың Қазақстанда қалыптасып, дамуына үлес қосқан тұлғаларды кейінгі ұрпаққа танытудың тамаша мүмкіндігі», – деді жарыстың бас төрешісі Максим Шалаев.

Финалдық ойындардың қорытындысы бойынша Жетісуоблысының құрамасы бірінші орынды иеленді. Екінші орын Алматы облысының командасына бұйырса, үздік үштікті Алматы қаласының баскетболшылары түйіндеді.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер кубоктармен, медальдармен, құрмет грамоталарымен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Сонымен қатар ұйымдастырушылар үздік ойыншыларды «Матчтың үздік ойыншысы (MVP)», «Үздік ойыншы», «Үздік қорғаушы» және «Үздік шабуылшы» аталымдары бойынша арнайы марапаттады.

Лилиана Штогрина
Если вы заметили ошибку, выделите необходимый текст и нажмите Ctrl+Enter, чтобы сообщить об этом редакции
Спецтема
Последние новости
20:54
18:36
Алматинская и Витебская области обсудили развитие промышленности и сельского хозяйства
Сотрудничество
18:06
Вчера
16:59
Вчера
ТОП новости
Чингис Аринов возглавил Федерацию спортивной стрельбы в Алматинской области
Алматинская область
Объявления
Комментарии