Қонаевта "Ауылым – алтын бесігім" мәдени күндері өтті.
Қазақ үшін ауыл – ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрдің алтын бесігі. Осы мұраны дәріптеп, өнер мен дәстүр сабақтастығын нығайту мақсатында Қонаев қаласында "Ауылым – алтын бесігім" атты мәдени күндер аясында мерекелік іс-шара өтті.
Мереке аясында ұлттық нақыштағы қолөнер бұйымдары, этностильдегі киім үлгілері мен отандық өнімдер көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеге қойылған туындылар арқылы халқымыздың бай мұрасы, ұлттық өнердің ерекшелігі мен дәстүр сабақтастығы таныстырылды.
Іс-шарада сөз сөйлеген Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов ұлттық мұраны сақтаумен қатар, мәдениет нысандарын дамыту мен шығармашылық ұжымдарды қолдаудың маңызын атап өтті.
Сондай-ақ шаһар басшысы қаладағы шығармашылық ұжымдардың қатары толығып, мәдени бастамалардың көбейіп келе жатқанын жеткізді.
Шараға алғаш рет қатысқан "Қазыналы" ансамблінің жетекшісі Фатима Ақылбекова ұйымдастырушыларға алғысын білдірді. Оның айтуынша, мұндай басқосулар жұртшылықты ортақ құндылықтар төңірегіне біріктіріп, ұлттық өнер мен дәстүрді кеңінен насихаттауға мүмкіндік береді.
Мерекелік бағдарламаның маңызды бөлігі Қонаев қаласының Мәдениет үйінде ұсынылған "Арман қала – Қонаев" атты театрландырылған қойылым болды. Қойылымда қалаға қоныс аударған жас отбасылардың арманы, ана мен бала арасындағы байланыс, аға буынның күнделікті өмірі және тазалық мәдениеті тақырыптары қамтылды.
Сонымен қатар "Таза Қазақстан" акциясының мәні мен қоршаған ортаны таза ұстаудың маңызы көрініс тапты. Әнмен өрілген қойылым көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Айта кетейік, "Ауылым – алтын бесігім" мәдени күндері алдағы уақытта Балқаш, Қарасай және Жамбыл аудандарында жалғасады. Іс-шаралар қорытындысы бойынша үздік өнерпаздар мен шығармашылық ұжымдар анықталып, марапатталады.