18+

Саяжайлар сүріле ме? Қонаевта тұрғындарды алаңдатқан мәселе талқыланды

Қонаевтағы саяжайлардың болашағы, жеке үйлердің сақталуы және инфрақұрылымның дамуы қала әкімі Асхат Бердіхановпен өткен кездесуде талқыланды.

Тұрғындар саяжай аумағында көпқабатты және орта қабатты үйлер салынбай, жеке үйлердің сақталғанын қалайтынын жеткізді. Сондай-ақ жер учаскелерінің нысаналы мақсатын жеке тұрғын үй құрылысына ауыстыру, ауыз су мен газ тарту, жол салу мәселелерін көтерді.

Бас жоспарды әзірлеген "Урбостиль" ЖШС бас директоры Любовь Нысанбаева саяжай аумағын сүріп тастау жоспарда жоқ екенін айтты. Оның сөзінше, Бас жоспар қаланың ұзақ мерзімді даму бағытын айқындап, тұрғын үй, өнеркәсіп және әлеуметтік нысандардың құрылысын, сондай-ақ инфрақұрылымды қамтиды.

Жеке меншіктегі жер учаскелеріне қатысты мәселелер заң аясында қаралуы тиіс.

Алматы облысының сәулет және қала құрылысы басқармасы бөлімінің басшысы Руслан Алтыбаев саяжай аумағындағы құрылыс түрлері мен үйлердің қабаттылығы егжей-тегжейлі жоспарлау жобасында нақтыланатынын мәлімдеді. Бұл ретте функционалдық аймақтарды өзгеріссіз қалдыру көзделіп отыр.

Жобаны әзірлеу 2027 жылға қалуы мүмкін. Себебі бюджеттік өтінім әлі берілуі керек. Тапсырыс беруші ретінде облыстың сәулет және қала құрылысы басқармасы немесе Қонаев қаласының тиісті бөлімі қарастырылып жатыр.

Қала әкімі тұрғындардың ұсыныстары ескерілетінін және егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы әзірленген кезде қоғамдық тыңдау өтетінін айтты.

"Бұған дейін жасалған инженерлік желілерді тарту жобалары өзгертілмейді. Ауыз су және газ тарту жобалары биыл мемлекеттік сараптамадан өтеді. Кейін жол және басқа да инфрақұрылымды дамыту мәселелерін қарастырамыз", – деді Асхат Бердіханов.

Қоғамдық тыңдаудың өтетін күні қосымша хабарланады.