18+

Алматы облысының жас балуандары Қазақстан чемпионатында үздік үштікке енді

2013–2014 жылы туған жасөспірімдер арасында қазақ күресінен Қазақстан республикасының чемпионаты аяқталды.

«Үшқоңыр» спорт кешенінің бозкілемінде еліміздің 20 өңірінен келген жас балуандар бас қосты. Барлығы 230 спортшы он салмақ дәрежесінде: 32, 35, 38, 42, 46, 50, 55, 60, 65 келі және 65 келіден жоғары салмақ дәрежелерінде ел үздіктері атану үшін бақ сынады.

Әрбір белдесу жас балуандардың физикалық дайындығын, техникалық шеберлігін және қайсар мінезін сынға салды.

Чемпионатқа қатысушылар спорттық қалыптасудың маңызды кезеңінен өтуде. 12–13 жас аралығында олар күрес әдістерін меңгеріп, қимыл үйлесімділігін, төзімділігін және тактикалық ойлау қабілетін белсенді түрде дамытады.

«Бұл жаста спортшылардың шеберлігі айтарлықтай арта түседі. Олар жаттығу барысында меңгерген әдіс-тәсілдерін белдесу кезінде қолдануды, өз қателіктерін талдауды және күрес үстінде жедел шешім қабылдауды үйренеді. Әр баланың даму қарқыны әртүрлі, сондықтан бапкердің міндеті — спортшының әлеуетін ашу, өз күшіне деген сенімін арттыру және оны спорттық жолдың келесі кезеңдеріне дайындау. Қазақстан чемпионатының жас балуандар үшін маңызы зор.

Бұл — жарыс тәжірибесін жинақтап, әлі де жетілдіруді қажет ететін тұстарын анықтауға мүмкіндік беретін алаң. Осындай турнирлер болашағынан үміт күттіретін балуандарды анықтап, республикалық және халықаралық ареналардағы алдағы жеңістердің негізін қалыптастыруға ықпал етеді», — деді спорт ардагері Қапар Рауанов.

Жасөспірімдер үшін мұндай жарыстар тек медаль үшін күрес қана емес, сонымен қатар үлкен спорттың атмосферасын сезінуге, мықты қарсыластармен белдесіп, өз мүмкіндіктерін сынауға және спорттық армандарына қарай тағы бір қадам жасауға жол ашады.

«Бұл чемпионат мен үшін үлкен жауапкершілік әрі маңызды тәжірибе болды. Бозкілемде соңғы секундқа дейін жинақы болып, өзіңе сену керек. Әрбір қарсылас шыңдала түсуге ықпал етеді, ал әр белдесу жаңа нәрсеге үйретеді. Дайындығым мен қолдауы үшін бапкеріме алғыс айтамын. Алдағы уақытта да жаттығуды жалғастырып, күрес әдістерін жетілдіріп, жаңа жеңістерге ұмтыламын», — деді 55 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде III орын алған Іле ауданының балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушісі Әлібек Нұржанұлы.

Жарыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлері қатарында Алматы облысының өкілдері де бар. Атап айтқанда, Бекарыс Жарылқасынұлы мен Диас Жолдыбай күміс жүлдеге ие болды. Ал Әлібек Нұржанұлы 55 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде қола жүлдені иеленді.

Жалпы командалық есеп бойынша жүлделі орындар төмендегідей бөлінді:

  • I орын — Түркістан облысы (111 ұпай);
  • II орын — Астана қаласы (104 ұпай);
  • III орын — Алматы облысы (96 ұпай).

Лилиана Штогрина

Новости компаний
16:41, 27 октября