• Главная
  • МӘМС жүйесінде азаматтарға тиімді жаңа өзгерістер енгізілді
17:29, Вчера
Надежный источник

МӘМС жүйесінде азаматтарға тиімді жаңа өзгерістер енгізілді

Халықты медициналық көмекпен қамтамасыз етудің маңызды шарттарының бірі – медициналық сақтандыру жүйесінің қаржылық тұрақтылығы.

Осыған байланысты, 2026 жылғы қаңтардан бастап жарналар мен аударымдарды есептеу үшін қолданылатын табыс көлемінің жоғарғы шегі жаңартылады:

  • ⁠Жұмыс берушілер үшін – 40 ең төменгі жалақы (ЕТЖ),
  • Қызметкерлер үшін – 20 ЕТЖ.

Бұл - бастапқыда ұсынылған 50 ЕТЖ орнына қабылданған келісімді шешім, яғни жүйенің тұрақтылығын сақтай отырып, салық жүктемесінің шектен тыс өсуіне жол бермейді. Бұл туралы "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КЕАҚ Алматы облыстық филиалының мамандары бизнес қауымдастық өкілдерімен кездесуде айтты.

МӘМС жүйесінде азаматтарға тиімді жаңа өзгерістер енгізілді, фото-1

Аталған өзгеріс жүйенің қаржылық тұрақтылығын нығайтып қана қоймай, азаматтардың денсаулық сақтау шығындарын өтеудегі жауапкершілікті әділ және теңдей бөлу қағидатын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Осы шараның нәтижесінде МӘМС жүйесінің табысы жылына шамамен 200 млрд теңгеге артады деп күтілуде.

"Заңнамаға сәйкес, мемлекет МӘМС жүйесінде жеңілдігі бар санаттарға жататын азаматтар үшін жарна төлейді. Бұл жарналар республикалық бюджеттен бөлініп, балалар, зейнеткерлер, мүмкіндігі шектеулі жандар, жүкті әйелдер және тағы басқа 15 санаттағы азаматтардың медициналық көмек алуын қамтамасыз етеді. Қазақстанда МӘМС жүйесіне төленетін жарналар мен аударымдардың мөлшері ең төмен деңгейде – 2025 жылы 2%.

Салыстырмалы түрде, басқа елдерде бұл көрсеткіш 9–14,5% аралығында. Жүйені бастапқы жобалау кезінде жарна мөлшерлемелері жоғарырақ болып жоспарланған, алайда жүйе іске қосылған кезде олар едәуір төмендетілген еді", - дейді кездесуде облыстық филиалдың бөлім басшысы Әкімбек Саурықбаев.

МӘМС жүйесінде азаматтарға тиімді жаңа өзгерістер енгізілді, фото-2

Алайда "Бірыңғай медициналық көмек пакеті" енгізіліп, МӘМС жүйесінде қосымша міндеттемелердің қосылуына байланысты жүйенің қаржылық жүктемесі күрт өсіп отыр. Осыған байланысты мемлекет тарапынан жарна мөлшерлемелерін кезең-кезеңімен арттыру ұсынылуда:

  • 2027 жылы – 2,2%,
  • 2037 жылға дейін – 4,7%-ға дейін біртіндеп өсіру.

Бұл ретте жұмыс берушілер мен жұмыскерлер үшін жарна мөлшерлемелері өзгеріссіз қалады.

Кездесуде жаңа өзгерістерден бөлек, жарналардың кәсіпкерлер төлейтін мөлшері, пациент құқығы және МӘМС мүмкіндіктері түсіндірілді. Өз кезегінде кәсіпкерлер толғандырған сұрақтарын қойып, тұшымды жауап алды.

ӘМСҚ Алматы облыстық филиалының баспасөз қызметі

Если вы заметили ошибку, выделите необходимый текст и нажмите Ctrl+Enter, чтобы сообщить об этом редакции
#МәмсАлматыоблысы #ОсмсАлматинскаяобласть

Комментарии

Объявления
live comments feed...