
22:00, 2 октября
Надежный источник
Қонаевта диафрагмалық жарыққа сирек жасалатын жоғары технологиялық ота сәтті өтті
Алматы облысындағы Қонаев қалалық көпсалалы ауруханасында өңеш тесігінің диафрагмалық жарығына лапароскопиялық ота сәтті жасалды.
Бұл сырқат адамның өмір сапасын айтарлықтай төмендетеді және көбінесе ірі қалалардағы мамандандырылған орталықтарда ғана емделеді.
59 жастағы науқас ауруханаға тамақтан кейін және жатқан кезде күшейетін қыжыл, қышқыл кекіру, төс артындағы күйдіру және жұтынудағы қиындығына шағымданып келген. Дәрігерлер кешенді тексерістен кейін диагнозды растады: асқазанның бір бөлігі өңештегі тесік арқылы кеуде қуысына ығысып, гастроэзофагеалды рефлюкс тудыратын жарық.
Гастроэзофагеалды рефлюкс - бұл асқазанның ішіндегісі, соның ішінде қышқылдың, қайтадан өңешке түсу жағдайы. Ол төменгі өңеш сфинктерінің әлсіреуінен болады. Әдетте бұл бұлшық ет клапаны асқазан сөлінің кері кетуіне кедергі келтіруі тиіс.
Мұндай кері кету өңештің шырышты қабатын тітіркендіріп, қыжылды, қышқыл кекіруді, ауыздағы жағымсыз дәмді және кейде жұтыну кезіндегі ауырсынуды туғызады. Рефлюкстің жиі және ұзақ болуы өңештің қабынуына және басқа да асқынуларға әкелуі мүмкін.
Симптомдардың ауырлығын ескере отырып, науқасқа хирургиялық ем ұсынылды. Ота хирург-дәрігерлер Тұрарбеков Асқар Маратұлы, Кизатов Айдос Талапұлы және Сәкенов Абылай Алтайұлының қатысуымен, заманауи аз инвазивті әдіс - лапароскопиялық Тупе бойынша фундопликация әдісімен жасалды. Сондай-ақ отаға реаниматолог дәрігер Жиренбаев Данияр Қаратайұлы қатысты.
"Мұндай оталар барлық ауруханаларда қолжетімді емес, әсіресе өңірлерде. Енді Қонаев тұрғындары ірі қалаларға бармай-ақ, осында жоғары технологиялық көмек ала алады", - деді Асқар Маратұлы.
Әдістің мәні - асқазанның жоғарғы бөлігі өңештің төменгі бөлігіне оралып, қышқылдың кері кетуін тоқтатады. Бұл қыжыл мен қабынудың негізгі себебін жояды. Лапароскопиялық тәсіл жарақатты азайтып, қалпына келу мерзімін қысқартады және қауіпсіздікті арттырады.
Ота сәтті өтті. Екінші күні-ақ науқас өздігінен тамақ қабылдап, жағдайының айтарлықтай жақсарғанын айтты. Бірнеше күннен соң ол бұрын мазалаған белгілерсіз қанағаттанарлық жағдайда үйіне шығарылды.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында ота тегін жасалды. Бұл – заманауи технологиялар мен білікті медициналық көмектің өңір тұрғындары үшін барған сайын қолжетімді болып отырғанын көрсетеді.
Если вы заметили ошибку, выделите необходимый текст и нажмите Ctrl+Enter, чтобы сообщить об этом редакции
Последние новости
22:19
Вчера
18:01
Вчера
В Алматинской области открыт памятник Нургисе Тлендиеву в честь 100-летия композитора
Открытие памятника
17:18
Вчера
17:03
Вчера
11:41
Вчера
От контроля здоровья до уборки дома: Xiaomi представила полный набор умных решений.
Новости компаний
10:58
Вчера
ТОП новости
Спецтема
Комментарии