
20:00, Сегодня
Надежный источник
Егемендік құрдастары: Тәуелсіз елмен бірге түлеген ұрпақ
Елімізде 25 қазан – Республика күні мерекесі тойланады.
Бұл дата – тәуелсіздіктің бастауы саналатын Қазақ КСР-нің Мемлекеттік егемендігі туралы Декларациясы қабылданған күн. Биыл осы маңызды тарихи құжаттың қабылданғанына 35 жыл толып отыр.
Егемендікпен қатар есейген буын бүгінде еліміздің түрлі саласында еңбек етіп, қоғамның дамуына өз үлесін қосуда. Солардың қатарында Қонаев қаласының тұрғындары да бар.
Гузаль Абдулова 8 жылдан бері Қонаев қаласының көпсалалы ауруханасында акушер-гинеколог болып қызмет етуде. Ол күн сайын жаңа өмірдің бастауына куә болып, ана мен сәбилердің амандығына жауап береді.
"Республика күнін ерекше сезіммен қарсы аламын. 1990 жылдың 25 қазанында Декларация қабылданды. Сол жылы дүниеге келдім. Бұл – ел тәуелсіздігінің іргесі қаланған маңызды дата. 35 жылдан бері Қазақстан түрлі қиындықтардан өтіп, жетістіктерге жетті. Әр сәби ашық аспан астында дүниеге келіп жатыр. Мұның өзі барша жұртқа – бақыт. Ендеше, еліміз мәңгілік болсын!", – деді дәрігер.

Ал Серік Ордабаев 10 жыл бойы қоғамдық тәртіптің, жол қауіпсіздігінің сақталуына үлес қосып келеді. Ол Отанына адал қызмет етуді азаматтық борышы деп есептейді. Қонаев қаласы Патрульдік полиция қызметі инспекторының да жасы 35-ті алқымдаған.
"Мен үшін «егемендік» ұғымы отбасымның амандығымен үндеседі. Отансыз адам – ормансыз бұлбұл. Жұбайым екеуміз елімізбен бірге өсіп, өніп келеміз. Тәуелсіздік ұрпақтарын тәрбиелеп отырмыз. Мерекемен баршаңызды құттықтаймын!", – деді аға лейтенант.

Ғалия Можанова болса, ұрпақ тәрбиесі жолында еңбек етіп жүр.
"Мен бойынан патриоттық пен ұлтжандылық табылатын балаларды білім нәрімен сусындатып, оларға тәрбие беріп жүргеніме қуаныштымын. Егемендік – болашаққа сенімді қадам", – деді ұстаз.

Тәуелсіздік құрдастарының өмір жолы – елмен бірге қалыптасқан, мемлекетпен бірге кемелденген ұрпақтың бейнесі. Бүгінгі таңда олардың еңбегі мен табандылығы – тәуелсіз Қазақстанның тұрақтылығы мен дамуының айғағы.
Қонаев қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі
Если вы заметили ошибку, выделите необходимый текст и нажмите Ctrl+Enter, чтобы сообщить об этом редакции
Последние новости
19:09
10:55
От аптек до автобусов: какие вопросы подняли жители Шенгельды на встрече с акимом Конаева
Рабочая поездка
18:29
Вчера
Спецтема
Объявления
16:29, 8 октября
Комментарии