• Главная
  • Қонаевта ашық суда жүзуден Қазақстан чемпионаты аяқталды
17:32, Сегодня
Надежный источник

Қонаевта ашық суда жүзуден Қазақстан чемпионаты аяқталды

Қонаев қаласындағы «Пляжный волейбол» демалыс базасында ашық суда жүзуден барлық жас санаттары бойынша Қазақстан Республикасының чемпионаты өз мәресіне жетті.

Бірнеше күнге созылған ұлттық біріншілікке еліміздің 12 өңірінен келген 168 спортшы қатысып, чемпиондық атақ пен ұлттық құрама сапына жолдама үшін өзара бақ сынады.

Чемпионат Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің республикалық спорттық іс-шаралар күнтізбесіне сәйкес ұйымдастырылды. Жарысты Алматы облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы, Алматы облыстық «Бұқаралық спорт клубы» және Қазақстанның Су спорт түрлері федерациясы өткізді.

Байрақты бәсекенің негізгі мақсаты – ашық суда жүзуді олимпиадалық спорт түрі ретінде кеңінен дамыту, еліміздің үздік спортшыларын анықтау, ұлттық құраманы жасақтау, сондай-ақ 3–6 қыркүйек аралығында Аргентинада өтетін жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатына қатысатын спортшыларды іріктеу болды.

Ересектер арасында спортшылар 3 шақырымдық спринтте (шығып қалу жүйесі бойынша), 5 және 10 шақырымдық қашықтықтарда, 4×1500 метрлік аралас эстафетада, сондай-ақ 500 метр және 6×500 метрлік аралас эстафетада сынға түсті. Ал жас санаттарындағы қатысушылар 100 метр, теңіз милі, 3000 метр, 5000 метр және 500 метр қашықтықтарында өзара мықтыны анықтады.

Қонаевта ашық суда жүзуден Қазақстан чемпионаты аяқталды, фото-1

Чемпионаттың ең тартысты бәсекесі дәстүрлі түрде олимпиадалық 10 шақырымдық қашықтықта өтті. Дәл осы жарыстың қорытындысы бойынша Қазақстан ұлттық құрамасының негізгі құрамы жасақталды.

Ерлер арасында Түркістан облысының өкілі Ғалымжан Балабек чемпион атанды. Күміс жүлде Шымкент қаласының спортшысы Кирилл Колесниковқа, ал қола медаль Алматы қаласының өкілі Лев Черепановқабұйырды.

Ғалымжан Балабек – Қазақстанның ашық суда жүзудегі жетекші спортшыларының бірі. Ол ұлттық құраманың мүшесі, су спорт түрлерінен әлем чемпионаттарында ел намысын қорғаған, қысқа суда үш мәрте Қазақстан рекордын жаңартқан және халықаралық жарыстардың жүлдегері. Биылғы маусымда Азия жағажай ойындарында Қазақстан құрамасы сапында өнер көрсетті.

«Қазақстан чемпионатында жеңіске жеткеніме өте қуаныштымын. Бәсекелестік өте жоғары болды. Қарсыластарымның қатарында Азия чемпионатының жүлдегері Лев Черепановтың болуы бұл жеңістің маңызын арттыра түсті. Ашық суда тек жақсы физикалық дайындық қана емес, жарыс барысында дұрыс тактика құру да аса маңызды. Жаттықтырушыларыма, командама және маған қолдау көрсеткен барша жанға алғысымды білдіремін. Ендігі басты мақсатым – ұлттық құрама сапында Қазақстанның намысын халықаралық аренада абыроймен қорғау», – деді Қазақстан Республикасының спорт шебері Ғалымжан Балабек.

Қонаевта ашық суда жүзуден Қазақстан чемпионаты аяқталды, фото-2

Әйелдер арасында олимпиадалық 10 шақырымдық қашықтықта Жетісу облысының спортшысы Мария Федотоважеңімпаз атанды. Екінші орынды Саида Елемес (Жетісу облысы), үшінші орынды Дарья Пушко (Шымкент қаласы) иеленді.

2007–2008 жылы туған спортшылар арасында өткен жастар санатында Жетісу облысының өкілі Аяжан Айнабекова топ жарды. Ол – Қазақстан Республикасының спорт шебері, ел чемпионаттарының бірнеше дүркін жеңімпазы және жүлдегері. Сонымен қатар Жетісу облысының құрамында 4×200 метрге еркін стильдегі эстафетада Қазақстан рекордының жаңаруына үлес қосқан. Тұрақты жоғары нәтижелерінің арқасында ұлттық құрамаға негізгі үміткерлердің бірі саналады.

«Бұл жеңіс мен үшін өте маңызды. Қазақстан чемпионатында бәсекелестік әрдайым жоғары деңгейде өтеді, сондықтан әрбір медаль оңайлықпен келмейді. Жарыс барысында өз тактикамды ұстанып, соңғы кезеңге күшімді сақтауға тырыстым. Бұл жеңіс алдағы халықаралық жарыстарда жоғары нәтижелерге жетуге үлкен жігер береді», – деді Қазақстан Республикасының спорт шебері Аяжан Айнабекова.

Өз жас санаттарында жүлдегерлер қатарынан Жетісу облысының спортшылары Еркежан Берікбол, Саида Елемес, Дарина Сысоева, Камила Айтжанова, София Кылышбаева, Рамиль Елденов, Дінмұхаммед Болатбек және Мереке Амангелді, Қарағанды облысының өкілдері Егор Дубицкий, Ярослав Губарев және Тимофей Лебедев, Алматы қаласының спортшылары Радмила Капанова мен Мансур Разиев, Шымкент қаласының өкілдері Айғаным Қуанышқова мен Никита Скрипников, Астана қаласының спортшысы Әдел Қонысбаева, сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысының өкілі Руслан Максимов болды.

Лилиана Штогрина

Если вы заметили ошибку, выделите необходимый текст и нажмите Ctrl+Enter, чтобы сообщить об этом редакции
Сайт города Конаев

Комментарии

Объявления