• Главная
  • Қапшағайда әлемдік OCEANMAN сериясының беделді жарысы өтті
OCEANMAN
12:43, Сегодня
Надежный источник

Қапшағайда әлемдік OCEANMAN сериясының беделді жарысы өтті

OCEANMAN

Осы демалыс күндері Қапшағай су қоймасы Орталық Азиядағы ашық суда жүзуден өтетін ең ауқымды жарыстардың бірінің алаңына айналды.

Әлемдік OCEANMAN сериясының беделді медальдарын сарапқа салу үшін OCEANMAN QAZAQSTAN ALMATY KAPSHAGAY 2026 халықаралық фестивалінің жарыс жолына 19 елден келген 3000-нан астам спортшы шықты. Жанкүйерлер мен ұйымдастырушыларды қоса есептегенде, Heaven Club демалыс аймағына 10 мыңнан астам адам жиналды.

Қазақстан бұл бірегей жарысты бесінші жыл қатарынан қабылдап келеді. Осы уақыт ішінде фестиваль еліміздің ең танымал спорттық брендтерінің біріне айналды. Бұл жай ғана халықаралық жарыс емес, кәсіби спортты, бұқаралық спортты, инклюзивті жобаларды, балалар жүзуін дамыту мен спорттық туризмді біріктіретін ауқымды қозғалыс.

Салтанатты ашылу рәсіміне Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев қатысты. Ол халықаралық фестивальге қатысушыларды құттықтай отырып, OCEANMAN QAZAQSTAN жобасының бұқаралық спортты дамытудағы және өңірдің туристік әлеуетін арттырудағы маңызын ерекше атап өтті.

«Алматы облысы бесінші рет халықаралық OCEANMAN фестивалін қабылдап отыр. Бұл – беделді спорттық дода ғана емес, салауатты өмір салтын, достық пен ашықтықты дәріптейтін үлкен мереке. OCEANMAN әртүрлі жастағы және мүмкіндігі әртүрлі адамдарды біріктіретіні ерекше маңызды.

Біз мұндай бастамаларды алдағы уақытта да қолдай береміз. Өйткені дәл осындай жобалар дені сау, белсенді әрі табысты ұрпақты қалыптастырады. Барлық қатысушыларға әділ бәсеке, жаңа жеке рекордтар және қонақжай Алматы облысынан ұмытылмас әсер тілеймін!» – деді Марат Сұлтанғазиев.

Жарыстың алғашқы күні ерлер мен әйелдер арасындағы ең ұзақ қашықтықтарда үздіктер анықталды. Бірінші жарыс күніне жалпы саны 1300-ден астам спортшы қатысты.

Қапшағайда әлемдік OCEANMAN сериясының беделді жарысы өтті, фото-1

Ерлер арасында 10 шақырымдық негізгі OCEANMAN QAZAQSTAN 2026 қашықтығының жеңімпазы ашық суда жүзуден Қазақстан ұлттық құрамасының көшбасшыларының бірі Лев Черепанов атанды. Қазақстан чемпионы, Азия чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері және әлем чемпионаттарының қатысушысы фестивальдің ең күрделі қашықтығын сенімді бағындырып, барлық қатысушылар арасындағы ең үздік абсолюттік нәтижені көрсетіп, жоғары шеберлігін тағы бір мәрте дәлелдеді.

«Ашық судағы әрбір жарыстың өзіндік ерекшелігі бар. Бүгін қарсыластар өте мықты болды, сондықтан бұл жеңістің орны ерекше. Жарыс жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Барлық жанкүйерлерге зор қолдаулары үшін алғысымды білдіремін. OCEANMAN QAZAQSTAN мерейтойлық фестивалінің жеңімпазы атанғаныма өте қуаныштымын», – деді ашық суда жүзуден халықаралық дәрежедегі спорт шебері Лев Черепанов.

Әйелдер арасында 10 шақырымдық OCEANMAN қашықтығында қазақстандық Ирина Небесная абсолютті чемпион атанды. Ал HALF OCEANMAN (5 шақырым) қашықтығында мәреге бірінші болып қазақстандықтар Тимофей Лебедев пен Анна Резванцева жетті.

Жарыстың екінші күні бұқаралық спорттың, отбасы құндылықтарының және салауатты өмір салтының нағыз мерекесіне айналды.

16 жастан асқан 800-ден астам қатысушы SPRINT (2 шақырым) қашықтығына шықса, жүздеген жас спортшы үшін OCEANKIDS және INSPIRATION балалар жарыстары ұйымдастырылды. Дәл осы балалар фестивальге ең шынайы эмоциялар сыйлады. 

2026 жылы фестиваль аясында бірден екі ірі әлеуметтік жоба жүзеге асырылды. «Анашым, мен жүземін» бастамасының арқасында ерекше білім беру қажеттіліктері бар 130 бала халықаралық фестивальдің қатысушысы атанды. Олар үшін арнайы жаттығулар ұйымдастырылып, еріктілердің сүйемелдеуі, тұру, тамақтану және мазмұнды мәдени бағдарлама қамтамасыз етілді.

Қапшағайда әлемдік OCEANMAN сериясының беделді жарысы өтті, фото-2

Сонымен қатар фестивальдің екінші әлеуметтік бағдарламасы аясында ауылдық елді мекендерден және әлеуметтік осал топтардан шыққан тағы 90 бала алғаш рет халықаралық деңгейдегі жарысқа қатысу мүмкіндігіне ие болды.

Осылайша, фестивальдің әлеуметтік бастамаларымен жалпы саны 220 бала қамтылып, OCEANMAN QAZAQSTAN ALMATY KAPSHAGAY 2026 Қазақстандағы ең ірі инклюзивті спорттық жобалардың біріне айналды.

«Фестивальдегі әлеуметтік жобалардың орны ерекше. Біз мүмкіндігінше көп баланың үлкен спортпен жақын танысып, өз күшіне сенуіне және жаңа достар табуына жағдай жасауды көздейміз. Сонымен қатар қатысушылардың қауіпсіздігіне әрдайым ерекше көңіл бөлінеді. Барлық жарыс бағыты бойына қалқымалар орнатылып, суда құтқару қызметінің қайықтары мен Төтенше жағдайлар министрлігінің гидроциклдері кезекшілік етеді», – деді OCEANMAN Kazakhstan франшизасының иегері Ералы Оралов.

Балалар және әлеуметтік санаттағы жарыстарға барлығы 800-ден астам адам қатысты. Көптеген бүлдіршін үшін бұл өміріндегі алғашқы жарыс, алғашқы қорқынышты жеңу және алғашқы үлкен жеңіс болды.

«Жарыс алдында қатты қобалжыдым. Бірақ ата-анам мен көрермендердің қолдауын естігенде өзімді әлдеқайда сенімді сезіндім. Осындай үлкен спорттық шараға қатысқаныма өте қуаныштымын. Енді бұдан да көп жаттығып, келесі жылы тағы да келіп, жаңа әсер мен жаңа жеңістерге қол жеткізгім келеді», – деді OCEANKIDS қашықтығының қатысушысы Фархад Жұманах (Астана).

Қапшағайда әлемдік OCEANMAN сериясының беделді жарысы өтті, фото-3

Фестивальдің ерекше атмосферасын ағылшын тіліндегі аты аңызға айналған жүргізуші Гордон Грэм толықтырды. Ол – әлемдегі Ironman сериясының ресми дауысы, халықаралық триатлон және ашық суда жүзу жарыстарының тұрақты жүргізушісі. Оның қатысуы фестивальдің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанының тағы бір дәлелі болды.

OCEANKIDS балалар жарысы мен INSPIRATION санатының қорытындысы бойынша жүлделі тұғыр түгелдей қазақстандық спортшыларға бұйырды.

Биылғы жарыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлері Oceanman Worldwide Championship финалдық кезеңіне жолдама алды.

OCEANMAN QAZAQSTAN ALMATY KAPSHAGAY 2026 халықаралық фестивалі Алматы облысы әкімдігінің, «Самұрық-Қазына» АҚ-ның және «Туризм және спорт индустриясын қолдау қоры» корпоративтік қорының қолдауымен өтті.

Лилиана Штогрина

Если вы заметили ошибку, выделите необходимый текст и нажмите Ctrl+Enter, чтобы сообщить об этом редакции
Сайт города Конаев

Комментарии

Объявления