• Главная
  • Қонаевта «Qonaev Cup – 2026» өңіраралық футбол турнирі өз мәресіне жетті
Футбол
12:45, Сегодня
Надежный источник

Қонаевта «Qonaev Cup – 2026» өңіраралық футбол турнирі өз мәресіне жетті

Футбол

Бір аптаға созылған тартысты матчтар, ондаған жас футболшы және бас жүлде жолындағы ымырасыз бәсеке. Қонаев қаласында еліміздің үздік жасөспірімдер командаларының басын қосқан «Qonaev Cup – 2026» Алматы облысының ашық футбол турнирі өз мәресіне жетті.

Жарысқа 2010–2011 және 2012–2013 жылдары туған жасөспірімдер қатысып, екі жас санаты бойынша бақ сынады. Жеті күн бойы жас футболшылар жоғары дайындық деңгейін, ұйымшыл командалық ойынды, қайсар мінез бен жеңіске деген жігерлерін көрсетті.

2010–2011 жылы туған жасөспірімдер арасында Түркістан облысының құрамасы турнир жеңімпазы атанды. Астана футбол мектебінің командасы күміс жүлдеге ие болса, қола медаль Қонаев қаласындағы облыстық мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер футбол мектебінің тәрбиеленушілеріне бұйырды.

Ал 2012–2013 жылы туған жасөспірімдер арасында «Қайрат» футбол клубының жас ойыншылары чемпион атанды. Қарасай ауданындағы «Үшқоңыр» командасы екінші орынға ие болса, Астананың «Восток» футбол клубы үздік үштікті түйіндеді.

Командалық нәтижелерден бөлек, турнир барысында үздік ойыншылар да арнайы марапатталды. 2010–2011 жылы туған жасөспірімдер арасында Түркістан облысының намысын қорғаған Юлдашбеков Рузимат үздік сұрмерген атанса, Айтқожа Әбдіжамал «Үздік ойыншы» номинациясын иеленді. Қуаныш Мырзабек үздік қақпашы деп танылды. Сонымен қатар Калел Нұралим (Астана) – үздік шабуылшы, Варякшин Михаил (Астана) – үздік қорғаушы, ал Усенбаев Арсен (Қонаев) үздік жартылай қорғаушы атанды.

"Бұл турнир біздің команда үшін ерекше маңызды болды. Бірнеше тартысты матч өткіздік. Әр кездесуде бір-бірімізді қолдап, соңына дейін күрестік. «Үздік ойыншы» атағына ие болғаныма қуаныштымын. Бұл – тек менің емес, бүкіл командамыздың, жаттықтырушыларымыздың және бізге әрдайым қолдау көрсететін ата-аналарымыздың еңбегінің жемісі", – деді «Үздік ойыншы» аталымының жеңімпазы Айтқожа Әбдіжамал.

2012–2013 жылы туған жасөспірімдер арасында Салим Нұрали Ануарұлы (Астана) үздік шабуылшы, Абдуллаев Әмірхан («Қайрат» ФК) үздік жартылай қорғаушы, Мұтай Дәурен («Үшқоңыр») үздік қорғаушы, Шалбай Нұрсұлтан («Қайрат» ФК) үздік қақпашы, Сейсехан Мирас («Үшқоңыр») үздік сұрмерген атанды. Ал Қуандықов Әліби («Қайрат» ФК) турнирдің үздік ойыншысы деп танылды.

«Qonaev Cup – 2026» турнирі балалар мен жасөспірімдер футболын дамытуға бағытталған ірі жарыстардың бірі екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Қатысушылар үшін бұл дода шеберліктерін шыңдап, тәжірибе жинақтап, кәсіби спортқа бастар жолдағы маңызды қадамдардың біріне айналды.

Лилиана Штогрина

Если вы заметили ошибку, выделите необходимый текст и нажмите Ctrl+Enter, чтобы сообщить об этом редакции
Сайт города Конаев

Комментарии

Объявления