• Главная
  • Шеңгелдіде қарбыз жинау науқаны қызу: өнім еліміздің ірі қалаларына жөнелтілуде
15:27, Сегодня
Надежный источник

Шеңгелдіде қарбыз жинау науқаны қызу: өнім еліміздің ірі қалаларына жөнелтілуде

Шеңгелді ауылдық округінде бақша өнімдерін жинау науқаны қарқын алды. Таңнан кешке дейін алқаптарда еңбек қызу: бір жерде қарбыз жиналса, енді бір жерде жүк көліктеріне тиеліп, Алматы, Астана және еліміздің солтүстік өңірлеріне жөнелтілуде.

Биыл әртараптандыру жұмыстары аясында ауылдық округте 13 657 гектар егістік игерілді. Оның 400 гектарына бақша дақылдары егілген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,5 есеге көп көрсеткіш.

Берекелі маусымның куәсі болған шаруалардың бірі – «Ағайындылар» шаруа қожалығының иесі Дастан Үмбетов. Биыл ол 32 гектар жерге қарбыз еккен. Қазір алқаптан жиналған өнім күн сайын тұтынушыларға жол тартуда.

«Қарбызды егістік басынан-ақ келіп, келісін 65 теңгеден алып кетіп жатыр. Жаз мезгілінде сұраныс өте жоғары, өнімді өткізуде ешқандай қиындық жоқ. Бір гектардан 35-40 тоннаға дейін өнім алып отырмыз», – дейді шаруа.

Шеңгелдіде қарбыз жинау науқаны қызу: өнім еліміздің ірі қалаларына жөнелтілуде, фото-1

Қонаев қалалық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Асқар Ибраимовтың айтуынша, мемлекет тарапынан шаруаларға жүйелі қолдау көрсетілуде. Биыл суармалы суға субсидия беріліп, көктемгі дала жұмыстарына 316 тонна арзандатылған дизель отыны бөлінсе, оның 280 тоннасы пайдаланылған.

Сонымен қатар шаруашылықтар 13 жаңа ауыл шаруашылығы техникасын сатып алған. Егіс науқанына 67 трактор, 10 астық сепкіш және 5 жоғары өнімді заманауи егіс кешені жұмылдырылды.

«Биыл бақша дақылдарының өзінен 18 мың тонна өнім жинауды жоспарлап отырмыз. Жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін 29,1 млрд теңгеге жеткізу көзделген», – деді бөлім басшысы.

Осылайша, жергілікті шаруалар өсірген өнім ішкі нарықты сапалы отандық өніммен қамтамасыз етіп қана қоймай, өңір экономикасының дамуына да өз үлесін қосуда.

Если вы заметили ошибку, выделите необходимый текст и нажмите Ctrl+Enter, чтобы сообщить об этом редакции
Сайт города Конаев

Комментарии

Объявления